Accessibility links

Шалқарда "қатарласын өлтірді" деп айыпталған оқушы сотталды


"Қатарласын өлтірді" деп айыпталған оқушының жақындары сот алдында тұр. Ақтөбе, 1 қазан 2019 жыл.
"Қатарласын өлтірді" деп айыпталған оқушының жақындары сот алдында тұр. Ақтөбе, 1 қазан 2019 жыл.

1 қазан күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Шалқардағы мұз айдынында қатарласын өлтірді деп айыпталған оқушы Асылбек Сабырды 9 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім күшіне енсе, ол жазасын орташа режимді колонияда өтейді.

Сот 17 жастағы Асылбек Сабырды Қылмыстық кодекстің "Көпе-көрнеу кәмілетке толмаған адам өлтіру" бабы бойынша кінәлі деп тапты. Айыпталушы жәбірленушілер талап еткен 1 млн 618 мың теңге (шамамен 4200 доллар) материалдық шығынды, 3 млн теңге моральдық шығынды төлеуге үкім етті. 5 млн теңгеге (7800 мың доллар) жуық бұл қаржыны сотталушы заңды өкілі яғни, ата-анасы төлейді.

Прокурор Айнұр Досмырзаеваның сөзінше, 2019 жылы 26 қаңтарда мұз айдынында 15-20 оқушы жанжалдасып қалған. Төбелес кезінде оқушылардың бірі Шалқар қаласындағы мектептердің бірінде 10 сыныпта оқитын Мирасбек Дәулетиярды пышақтаған. Екі литрдей қан жоғалтқан Дәулетияр ауруханаға жеткен бойда көз жұмған. Кейін бұл іс бойынша Шалқардағы №6 мектептің 10 сынып оқушысы Асылбек Сабыр ұсталған.

Сотталушының шешесі Алмагүл Сүлейменова ұлының полицияға кінәсін мойындап, өзі барғанын айтады.

- Мұз айданында бір топ бала шекесіне тапанша тақап, қысым жасағаннан кейін ұлым жерде жатқан пышақты алып, қорғанған. Қысым жасалмаса, 16 жастағы бала қараптан-қарап біреуге қиянат жасамайды ғой. Баламның ең алғашқы жауабында тапанша туралы айтылмады. Ол кезде қатты шок алғандықтан бәріміздің де есіміз кіресілі-шығасылы болатын. Кейін тергеу тапанша туралы айтқандарымызды мүлдем ескермей, баламды қасақана кісі өлтірген етіп шығарды, - дейді ол.

Судья Алтынбек Сабыровтың сөзіне қарағанда, сотталушы мен куәлар тергеу кезінде алғашқы жауаптарын өзгертіп, мұз айдынында Асылбек Сабырға тапаншамен қысым жасалғаны туралы айтқан. Кейін куәлар айтқан тапаншаның ойыншық екені, оның қылмыстық іске қатысы жоқтығы анықталған. Сот мұны "айыпталушының жақын достары оның жазасын жеңілдету үшін жасаған әрекеті" деп бағалаған.

Судья сот отырысында "Мирасбек Дәулетиярдың сол жақ кеудесіндегі қабырғасына пышақ сұққан кезде айыпталушының ақыл-есі дұрыс болған. Арнайы сараптама оның аффект жағдайында болмағанын көрсетті" деген.

Айыпталушы оқушының ата-анасы соттың "қасақана кісі өлтірді" деген шешімімен келіспейді. "Баламыз қорғанды" деген олар апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG