Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Айбек Кулчумановты ұрып-соққандар ісін мұқият тексеруге шақырды.
"Біз журналиске жасалған кез келген қысымды айыптаймыз. Оларға ешқандай кедергі, әсіресе күш қолдану немесе қоқан-лоқы жасалмауы тиіс. Себебі сөз бостандығы - кез келген демократиялық қоғамның іргетасы" деді HRW денсаулық сақтау және адам құқығы департаментінің зерттеушісі Лора Миллс.
28 қыркүйекте Ошта белгісіз бірнеше адам Кулчумановты ұрып-соғып, дронын, дрон пульті мен смартфонын және өзге де заттары мен құжаттарын тартып алған. Кулчумановтың айтуынша, ұрып-соққандар оған "Райымбек Матраимовты түсіруге кім тапсырма берді" деген сұрақ қойған.
Айбек Кулчумановтың шағымынан кейін жергілікті милиция "ұрлық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған және ұрып-соққан адамдар Кулчумановқа заттарын қайтарып бергенін хабарлаған. Бірақ тілші әзірге заттарын алмаған.
30 қыркүйекте ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир Қырғызстан билігін Кулчумановты ұрып-соққандар ісін мұқият тексеруге шақырды.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Джейми Флай да бұл оқиғаны шұғыл зерттеп, журналиске аппараттарын қайтарып беруге шақырды. Ол Twitter-дегі парақшасында соңғы бірнеше аптада Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшілеріне "қысым жалғасып" жатқанын айтқан.
Қырғызстан кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары Райымбек Матраимов Қырғызстанда бай адамдардың бірі саналады. Ол туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі зерттеген. Зерттеуден кейін Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков құқық қорғау органдарына Райымбек Матраимовтың мүлкін тексеруді тапсырған. Осыдан соң Райымбек Матраимов ісі - Қырғызстандағы аты шулы істердің біріне айналған.
ПІКІРЛЕР