Accessibility links

Украинада "Штайнмайер формуласына" қарсылық акциясы өтті


Киевтегі наразылық. 1 қазан 2019 жыл.
Киевтегі наразылық. 1 қазан 2019 жыл.

2 қазанда Украинаның бірнеше қаласында "Штайнмайер формуласына" наразылық шарасы өтті. Наразылар Донбасқа ерекше мәртебе беретін құжатқа қарсылық білдіріп, мұны "Ресей ығына жығылу" деп атады. Донбастағы жағдайды "Штайнмайер формуласы" арқылы реттеуді ұсынатын құжатқа 1 қазанда Украина жағынан Леонид Кучма қол қойды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Германияның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ресейшіл сепаратистер бақылауындағы Украина шығысындағы аймаққа "ерекше мәртебе беру туралы" заңды уақытша енгізуді ұсынды. ЕҚЫҰ ондағы сайлауды ашық әрі демократиялық деп танығаннан кейін Донбастың мәртебесін түпкілікті бекіту қажет деп ұсыныс айтқан. Бұл ұсыныс "Штайнмайер формуласы" деп аталды.

Акциялардың ең ірісі Киевте өтті. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, оған шамамен 1 500 адам қатысты. Әуелі орталық алаңда митингке жиналған наразылар біртіндеп Украина президенті әкімшілігінің ғимаратына қарай жылжыды.

Жоғарғы Радада "Штанмайер формуласы" талқыланды. Рада отырысы алдында президент Владимир Зеленский "Слуга народа" фракциясының депутаттарымен кездесті. Зеленский брифингте "Украина құжаттан қорықпауы тиіс" деп "Штайнмайер формуласының" тиімділігін тартқан. Еуроодақ "Штанмайер формуласын" Украина шығысындағы жағдайды реттеу бойынша жасалған алғашқы қадам деп есептейді.

Бұл құжат Украинаны ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аймаққа ерекше мәртебе беруге міндеттейді. Президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, егер бұл жүзеге асса, "өзін-өзі жариялаған" "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасында" сайлау Украина заңы бойынша ЕҚЫҰ стандартына сай өтуі тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG