Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған белсендіні 1,5 жылға бас бостандығын шектеуді сұрады


Атыраулық белсенді Дианара Мұқатова полицияға шақырту қағазын көрсетіп тұр. Сәуір айы, 2018 жыл.
Атыраулық белсенді Дианара Мұқатова полицияға шақырту қағазын көрсетіп тұр. Сәуір айы, 2018 жыл.

Атырауда "тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты" деп айыпталған азаматтық белсенді Дианара Мұқатованың ісі бойынша сот жалғасып жатыр. 2 қазанда жарыссөз өтіп, айыпталушы мен айыптаушы тарап сөз сөйледі.

Белсенді Дианара Мұқатова сотта өзін "билікті сынаған көзқарасы үшін" жазалап отырғанын айтып, тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Прокурор Нұрболат Әбілов белсендінің Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп танылып, тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын насихаттайтын жазбалар таратқанын айтып, белсендіні 1,5 жылға бас бостандығын шектеуді сұрады. Бұған қоса, әлеуметтік желілерге кіруіне тыйым салуды өтінді. Судья Жұмағали Тәшімов соттың келесі отырысын 21 қазанға белгіледі.

Белсендінің адвокаты Жанаргүл Сүндетқалиеваның айтуынша, қылмыстық іске Мұқатованың Facebook парақшасындағы он шақты репосты түрткі болған. Белсенді "ҚДТ жайлы жазған" қолданушылардың пікірлерін репост жасаған, бірақ жеке пікірін білдірмеген.

- Бұған дейін біз тергеушілерді шақырып, тыңдадық. Олардың айтуынша, арнайы мониторинг арқылы белсендінің "ҚДТ материалдарын таратып жүргені" анықталған. Бірақ Дианара Мұқатова ҚДТ мүшесі емес. ҚДТ туралы жазбалар әлеуметтік желіде көп. Мұндай кезде репост жасаудың өзі қылмыс па? Әуелі осыны анықтап алу керек еді, - деді Жанаргүл Сүндетқалиева Азаттық тілшісіне.

Бұл іс бойынша алғашқы сот процесі 3 қыркүйекте өткен. Айыптау актісінде ескертулерге қарамастан белсендінің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған ұйым - ред.) қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшаларындағы жазбаларымен бөліскені, рұқсат етілмеген митингілерге шақырғаны жазылған. Сот отырысы кезінде белсенді тағылған айыпты мойындамады.

Осыған ұқсас іс бойынша сот отырыстары Нұр-Сұлтан қаласында да жалғасып жатыр. Астаналық белсенділер Ақмарал Керімбаева, Гүлмира Халықова және Серік Жахинге Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-тармағы ("Экстремистік ұйымның ісіне араласу") бойынша айып тағылған.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған екі белсенді сотын келесі аптаға қалдырды

Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсында қайшылық бар деп санайтын заңгерлер "жауапқа тартылғандар негізсіз қудаланды" деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG