Accessibility links

Кәсіподақтың экс-басшысы Тоқаевтың рақымшылығынан бас тартатынын айтты


"Лайықты еңбек" тәуелсіз кәсіподағының бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.
"Лайықты еңбек" тәуелсіз кәсіподағының бұрынғы төрағасы Ерлан Балтабай. Алматы, 3 қазан 2019 жыл.

Тамыз айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылығымен босап шыққан "Лайықты еңбек" кәсіподағының бұрынғы төрағасы ​Ерлан Балтабай 3 қазанда Алматыда жиын өткізіп, рақымшылықтан бас тартатынын мәлімдеді.

"Кәсіподақ ақшасын жымқырды" деп айыпталып, шілде айында 7 жылға сотталған Балтабай бейсенбі күні "Политон" клубына берген сұхбатында Еңбекші аудандық соты шығарған шешімді апелляцияға беретінін, өзін сот арқылы ақтауға күш салатынын жеткізді.

Президент Тоқаевқа ашық хат жазған белсенді биліктің кәсіподақ қызметімен еркін айналысуға мүмкіндік бермегенін айтып, "кәсіподақ басшысын таңдау бойынша жиналысқа да қатыстырмағанын" жеткізді.

Ерлан Балтабайдың айтуынша, сот үкімі шыққаннан кейін кәсіподақ құжаттарын өзге адамға беріп, "кәсіподақты тәуелсіздігінен айырған".

Азаттық тілшісі 3 қазанда ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне хабарласқанмен жауап ала алмады.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің жазуынша, "ПетроКазахстан Ойл Продактс" компаниясының "Лайықты еңбек" кәсіподағының өкілдері 3 қазанда өткізген жиында осыдан екі апта бұрын кезектен тыс конференцияда Балтабайды мүшеліктен шығарып тастағанын айтқан.

Өзін құрылтайшылардың бірі ретінде таныстырған Роза Нұрекеева жиында Ерлан Балтабайды "кәсіподақ ақшасын жымқырды" деп айыптап, биліктен "шара қолдануды" сұрады.

2018 жылы қыркүйек айында Ерлан Балтабайдың үстінен Қылмыстың кодекстің 189-бабы бойынша ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бабы) қылмыстық іс қозғалған. Балтабайдың үстінен кәсіподақтың мүшесі Роза Нұрикеева "кәсіподақ ақшасын ұрлады" деп шағым түсірген.

Бірнеше халықаралық ұйым кәсіподақ белсендісінің қуғындалуын сынап, Қазақстан билігін Балтабайды босатуға шақырды. Балтабай сот отырыстарында өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары барын айтты. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деді.

9 тамызда Құрбан айт қарсаңында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың екі тұтқын Ярослав Голышкин мен Ерлан Балтабайды рақымшылықпен босатқанын жергілікті БАҚ хабарлаған. Екі тұтқынның "өздеріне тағылған айыпты толық мойындап, президенттен өздерін босату туралы өтінгені", жазалары айыппұлмен ауыстырылғаны айтылды.

Оқи отырыңыз: Саяси тұтқындарды қолдау акциясы көбейген шақта журналист пен белсенді босап шықты

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG