Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп күдікке ілінген бірнеше белсендінің қамау мерзімі ұзарды


Белсенділердің қамау мерзімін ұзарту мәселесін қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Марал Жарылғасынова. 3 қазан 2019 жыл.
Белсенділердің қамау мерзімін ұзарту мәселесін қараған Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының судьясы Марал Жарылғасынова. 3 қазан 2019 жыл.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты "тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты" деп күдікке ілінген белсенділер Оксана Шевчук, Гүлзипа Жәукерова және Әнуар Әшіралиевтің (шешім 2 қазанда шықты) қамау мерзімін 18 қазанға дейін ұзартты. Сот бұған қоса, 12 қыркүйекте изолятордан үйқамаққа ауыстырылған белсенді Жазира Демеуованың үйқамақ мерзімін 18 қазанға дейін созды.

3 қазан күнгі сот отырысына қатысқан Азаттық тілшісінің хабарлауынша, белсенділердің "қамау мерзімін ұзарту бойынша" сотқа өтініш түсірген қалалық полиция департаментінің тергеушісі Толғанай Ержанова "іс материалдарымен танысу үшін" оларға уақыт берілуі қажет екенін алға тартты.

Ал Шевчук пен Жәукерованың мүддесін сотта қорғаған адвокаттар Ғалым Нұрпейісов пен Әлия Шәріпбаева "іс материалдарымен танысу үшін қамау мерзімін ұзартуға" қарсылық білдірмеді. Бірақ олар Шевчук пен Жәукерованың отбасылық жағдайын ескеріп, оларды үйқамаққа ауыстыруды сұрады. Олардың өтініштері қанағаттандырылмады.

Жазира Демеуованың мүддесін сотта мемлекеттік адвокат қорғады. Ол тергеушінің өтінішіне қарсы болған жоқ.

Ақпарат бойынша Әнуар Әшіралиевтің соты кеше, 2 қазанда адвокаты Гүлнара Жуаспаеваның қатысуынсыз өткен. Әшіралиевті сотта мемлекеттік адвокат қорғаған.

Барлық төрт белсенді "тыйым салынған ұйымның ісіне қатысты" (Қазақстанның демократиялық таңдауы ) деген күдікке ілінген.

30 жастағы Оксана Шевчук пен 51 жастағы Гүлзипа Жуукерова 4 шілдеден бері тергеу изоляторында қамауда отыр. Қамалардан бір күн бұрын полиция Жәукерова мен Демеуова үйін тінтіп, полиция үнпарақтар табылғанын хабарлаған. Шевчук үйінен митингі кезінде қолданылатын түтін шығаратын құтылар табылған.

Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова, Оксана Шевчук - 1 мамырда Алматыда өткен рұқсат етілмеген наразылық акциясы кезінде ұсталған ондаған азаматтың бірі. Мамыр айының ортасында олардың Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған қозғалысқа қатысы бар деген күдікке ілінгені белгілі болды.

Күдіктілер "ҚДТ-ға мүше емеспіз, бірақ бағдарламаларының кейбір тұстары ұнайды" дейді.

Әнуар Әшіралиев 1 мамыр күнгі "рұқсат етілмеген митингіге" қатысқаны үшін мамыр айында 15 күнге қамалған.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, белсенділердің ісі бір өндіріске біріктірілген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG