Accessibility links

"Qaharman" қозғалысы полицияның 21 қыркүйектегі әрекетін сынады


"Qaharman" қозғалысының баспасөз мәслихаты. Нұр-Сұлтан, 3 қазан 2019 жыл.
"Qaharman" қозғалысының баспасөз мәслихаты. Нұр-Сұлтан, 3 қазан 2019 жыл.

3 қазанда Нұр-Сұлтанда адам құқығын қорғау жөніндегі "Qaharman" қозғалысының белсенділері баспасөз мәслихатын өткізіп, 21 қыркүйектегі "рұқсат етілмеген митингіге қатысқандарды" жазалау шарасының заңдылығын талқылады, сол күнгі полицияның әрекетін сынады. Жиында қозғалыс мүшелері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "бейбіт митингі өткізуге рұқсат беру жайлы уәдесі орындалмады" деді.

“Qaharman” қозғалысының мүшесі Әлия Ізбасарованың сөзінше, олар баспасөз мәслихатына құқық қорғау өкілдерімен қатар әкімдік қызметкерлерінде де шақырған.

- Мақсатымыз билік өкілдеріне платформа ұсынып, бейбіт шеру жайлы пікірлерін тыңдау еді. Қоғамымызды алда не күтіп тұр, әлде осылай жалғаса бере ме?- деп сұрағымыз келген, өкінішке орай ешкім келмеді, - дейді Әлия Ізбасарова.

Баспасөз мәслихатына 21 қыркүйектегі митинг алдында және сол күні ұсталғандар да қатысты. Жиында сөз алған заңгер Василий Садықов құқық қорғау органы қызметкерлерінің 21 қыркүйектегі әрекетін "заңсыз" деп санайды. Оның айтуынша, діни, әлеуметтік, ұлттық алауыздық тудыратын митингілер, пикеттер мен жиындарға ғана заңмен тыйым салынады.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің дерегінше, 21 қыркүйек күні жүзге жуық адам ұсталған. Экстремистік деп танылып, тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының жетекшісі Мұхтар Әблязов жұртшылықты 21 қыркүйекте митингіге шығуға шақырған. Ұсталғандардың кейбірі полиция әкетіп бара жатқанда Қазақстан билігіне, “Қытайдың Қазақстандағы жобаларына” қарсылығын білдірген. Осы күні ұсталған ондаған белсенді әкімшілік жауапқа тартылған.

Қазақстан заңына сәйкес қандай да бір наразылық шарасына шығу үшін жергілікті биліктен алдын ала рұқсат алу керек. Билік рұқсат бермеген митингілер "заңсыз" деп танылып, оған қатысушылар әкімшілік жауапқа тартылады. Ал Қазақстанның "Азаматтық және саяси құқықтар туралы" халықаралық пактіге қол қойғанын алға тартатын құқық қорғаушылар "митингке шыққандар жазаға тартылмауы тиіс" деп санайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айында президент қызметіне кіріскеннен кейін митинг өткізу туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігін айтқан еді. Биыл жазда құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де бұл мәселені көтерген. Алайда бұл ұсыныстар жайлы билік тарапынан әзірге нақты шешім болған жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG