Accessibility links

Кремльге аттанған саха бақсысының "есі дұрыс емес" дегенге адвокаттар сенбейді


Саха бақсысы Александр Габышев.
Саха бақсысы Александр Габышев.

Тергеу тапсырысымен жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама саха бақсысы Александр Габышевтің "ақыл-есі дұрыс емес" деген қорытынды шығарды. Бұл ақпаратты "Сибирь.Реалии" сайтына "Открытая Россия" қозғалысының үйлестірушісі Валентина Дехтяренко хабарлады. Александр Габышев - "Кремльден Путинді аластау" мақсатымен жолға шығып, Иркутск облысында қамауға алынған Якутия тұрғыны.

Сараптама қорытындысына күмән келтірген Габышевтің адвокаттары тәуелсіз сараптама жасату керек деп санайды. Олардың пікірінше, "амбулаториялық сараптама" адамның ақыл-есіне аз уақытта дәл баға бере алмайды.

"Сарапшылармен сөйлестік, олар да сараптама қорытындысына күмәнданып отыр. Құжатпен сенбі күні ғана таныстық. Александр Габышевтің қазіргі жағдайына сараптама нәтижесі әсер етпейді, ол ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхатпен бостандықта жүр. Ғабышев күдікті ретінде қарастырылғанымен, әзірге нақты айып тағылған жоқ" деді Дехтяренко.

Саха бақсысы Александр Габышев наурыз айында "Путинді Кремльден аластау үшін" Мәскеуге жаяу шыққан еді. Оны полиция Бурятия мен Иркутск облысы шекарасының маңынан 19 қыркүйекте алып кеткен.

20 қыркүйекте Якутск қаласына әкеліп, психиатриялық тексеруге жіберді. Оның үстінен "экстремизм" бабымен қылмыстық іс қозғап, ешқайда кетпейтіні жөнінде қолхат алды. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков саха бақсысының ұсталуына "Кремльдің еш қатысы жоғын" айтты.

Габышевтің "Кремльге жорығын" жалғастырмақ болған жақтастары 25 қыркүйекте "ФСБ-дан қысым көргенін" айтып, отрядты таратып, сапарды аяқтауға мәжбүр болғанын хабарлады.

Amnesty International адам құқығын қорғау ұйымы Александр Габышевті "ар-ұждан тұтқыны" деп атап, Ресей билігін саха бақсысын босатуға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG