Accessibility links

Тоқаев: Ресей Орталық Азияда "жетекші рөл атқаруы тиіс"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 3 қазан 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей президенті Владимир Путин. Сочи, 3 қазан 2019 жыл.

3 қазанда Сочидегі "Валдай" клубында сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді "ұлы мемлекет" деп атап, Мәскеу Орталық Азияда "жетекші рөл атқаруы тиіс" деп мәлімдеді. Ол пікіріне аргумент ретінде Орталық Азия елдерінің өткен ғасырда Ресей империясы құрамында болғанын алға тартты.

"Орталық Азия - маңызды факторға айналды, аймақтық әріптестік пен қауіпсіздік саласында маңызды ойыншы. Әлемдегі жетекші елдердің мүдделері осы аймақта тоғысқан. Мұнда Ресей жетекші рөл атқаруы тиіс, себебі Орталық Азия елдері Ресей империясының құрамында болған. Саясатта да, экономикада да бұл аймақта Ресей ықпалының болуы - орынды" деді Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудің халықаралық қатынаста рөлі ұлғайғанын атап өтіп, бұл тұрғыда Ресей басшысы Владимир Путиннің "сіңірген зор еңбегін" мақтады.

"Қазіргі кезде Ресейсіз аймақтағы немесе ғаламдық мәселе шешілмейді, бұған ешкімнің дауы жоқ" деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев президент ретінде Ресейге осымен екінші рет барып отыр. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айында президенттіктен кеткеннен кейін президент болған Тоқаев бұдан бұрын Назарбаев белгілеген бағыт-бағдарды жалғастыратынын бірнеше рет қайталаған. Көрші Ресеймен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстан - Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы және Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше.

Назарбаев президенттігі тұсында Ресеймен достық, әріптестік және өзара көмек туралы келісім (1992 жыл), 21-ғасырға бағдарланған мәңгілік достық және одақтастық туралы декларация (1998 ж), 21-ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы (2014 ж) құжаттарға қол қойылған.

Ресей СССР құрамында болған Орталық Азияның бес мемлекетіне өзге кейбір постсоветтік елдер сияқты ықпал ету алаңы ретінде қарайды. 2014 жылы ресейшіл президент Виктор Янукович биліктен қуылған соң Ресей Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алды. Украина шығысындағы сепаратистерге дем берді. Осыдан кейін Батыс пен Ресей арасы күрт суыды.

Соңғы жылдары Ресеймен қатар Қытай да Орталық Азия аймағында ықпалын арттыруға ұмтылып келеді. Көрші Қытай табиғи шикізатқа бай Орталық Азия елдерінде геосаяси және экономикалық мүдделерін алға тартқан.

АҚШ-тың да бұл аймақта мүддесі бар. Американың ірі мұнай өндіру компаниялары Қазақстанда жұмыс істейді. АҚШ Орталық Азия елдерімен аймақ қауіпсіздігі, терроризм мен экстремизм, есірткіге қарсы күрес және өзге салаларда әріптестік орнатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG