Accessibility links

Ақтөбе облысында оқушылар отырған автобус аударылды


Ақтөбе облысында аударылған автобус. 5 қазан 2019 жыл.

5 қазанда Ақтөбе қаласынан 13 шақырым жерде "Солтүстік айналма жолы" трассасында оқушылар отырған автобус пен жеңіл көлік соғылып, автобус бір жаққа қарай аударылып кетті. Автобуста 27 адам: 18 оқушы, 9 ересек адам болған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқушылар мен ата-аналардың жергілікті ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Басқарма басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, екі бала ауруханаға жатқызылған. Бірі - реанимация, екіншісі травмотология бөлімінде жатыр.

- Қазіргі кезде екі баланың жағдайы қалыпты. Жарақатты алғашқы хирургиялық өңдеу жасалады. Тағы екі баланы ауруханаға жатқызу мәселесі қаралып жатыр. Қалған балалар жеңіл жарақат алған, - деді ол.

Әсет Қалиевтің айтуынша, бұған қоса бірнеше ата-анаға да медициналық көмек көрсетілген. Олардың бірінің омыртқасы, қабырғасы сынған, миы шайқалған.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің дерегінше, "автобус жүргізушісі екінші дәрежелі жолға шыққан кезде жол ережесін бұзып, "Ниссан" көлігіне соғылған". Жеңіл көлікте Тәжікстан республикасының азаматы болған. Оқиғадан автобуста болғандардың көбірек зардап шеккені айтылады.

Полиция дерегінше, оқушылар Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінде бесінші сыныпта оқиды. Ата-аналар табиғатқа шықпақ болып, жеке автобус жалдаған. Ата-аналардың бұл жоспарын мектеп әкімшілігі білмеген.

Қыркүйек айының соңында Алматы облысында да оқушылар отырған автобус аударылып, бірнеше бала жараланған.

Еуропа Одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп елдердің бестігіне енеді. Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл сайын он мыңға жуық адам жол апатынан қаза болады.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG