Accessibility links

Солтүстік Корея АҚШ-пен келіссөздің нәтижесіз аяқталғанын хабарлады


Солтүстік Корея делегациясының басшысы Ким Мёнг Гиль (ортада). Стокгольм, 5 қазан 2019 жыл.
Солтүстік Корея делегациясының басшысы Ким Мёнг Гиль (ортада). Стокгольм, 5 қазан 2019 жыл.

АҚШ пен Солтүстік Корея арасында ядролық қарусыздану бойынша келіссөз нәтижесіз аяқталды деп хабарлады Солтүстік Корея делегациясының басшысы Ким Мёнг Гиль. Кездесу 5 қазанда Стокгольм қаласында өтті. Солтүстік Корея жағы кездесу ресми түрде аяқталмай жатып, кетіп қалды.

"Келіссөз көңілімізден шыққан жоқ" деді Ким Мёнг Гиль. Ол АҚШ тарабының кездесуге "ұсыныссыз келгенін" айтты.

Ал АҚШ мемлекеттік департаменті Пхеньянның мәлімдемесін жоққа шығарып, сегіз жарым сағатқа созылған келіссөзде бірқатар маңызды мәселелер талқыланғанын хабарлады.

"АҚШ бірқатар креативті идеялар ұсынды, Солтүстік Корея өкілдерімен мағыналы келіссөз жүргізді" деді АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Морган Ортагус. Ол мұндай күрделі мәселені бір күнде шешу мүмкін емес екенін алға тартты.

Ақпан айының соңында Ханойдағы саммитте Корей түбегін ядролық қарудан арылту мәселесін талқылаған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ортақ келісімге келе алмаған еді. Саммит қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Трамп Солтүстік Корея экономикалық санкциялардың күшін толық жоюды ұсынғанын, бұл ұсынысты қабылдауға дайын болмағанын атап өткен. Ақ үй тараптар алдағы уақытта келіссөзді жалғастырады деп мәлімдеген еді. Олардың ең алғашқы кездесуі өткен жылы маусым айында Сингапурда өткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG