Accessibility links

Рақымшылықтан бас тартқан кәсіподақ белсендісі Балтабайдың соты басталды


Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай сот алдында тұр. Шымкент, 7 қазан 2019 жыл.
Кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай сот алдында тұр. Шымкент, 7 қазан 2019 жыл.

7 қазан күні Шымкенттегі Әл Фараби аудандық соты "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша 7 жылға сотталып, кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылығымен босап шыққан кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайдың ісін қарай бастады. Балтабайдың үстінен "рақымшылық жасалғанда қамау жазасымен алмастырылған айыппұлды төлемеді" деп сот орындаушысы арызданған.

Сот отырысына Ерлан Балтабай мен оның әйелі, жақтастары, прокурор мен сот орындаушысы қатысты. Судья Еркін Оспанов Азаттық тілшісі рұқсат сұрағанымен, фото, видео түсіруге рұқсат етпеді.

Сот орындаушысы Нұрғали Сейітбековтің айтуынша, түрме жазасы айыппұлға алмастырылған Ерлан Балтабай 1 млн 595 мың теңге (4150 доллар) төлеуі тиіс. Бұл туралы сот орындаушылар Балтабайдың мекенжайына ескерту хабарлама жібергенін айтты.

Балтабай президент атына рақымшылықтан бас тарту туралы хат жазғанын, хатына жауап келгенше, айыппұл мәселесін қозғамай тұруды өтінгенін жеткізді.

Сот орындаушысы "Балтабай рақымшылықтан бас тартса да, айыппұлды төлеуі керек» деп санайды. Қазір белсендінің екінші деңгейлі банктердегі есепшоттары жабылған. Балтабай айыппұл төлеуден бас тартып отыр.

1 қазан күні сот орындаушысы борышкердің айыппұл төлемей отырғанын айтып, айыппұлды басқа жаза түріне алмастыруды сұрап, сотқа шағымданған.

17 шілде күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған мүлікті иемдену» бабы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға соттаған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары бар екенін айтқан. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деген.

Сот үкімі шыққан соң қазақстандық құқық қорғаушылар және бірқатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін үкімнің күшін жойып, белсендіні босатуға шақырған. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы, "Халықаралық құқықтық бастама" және "Либерти" қоры 31 шілдеде таратқан мәлімдемесінде Балтабайға шығарылған үкім "еңбек саласындағы бірлесу еркіндігі туралы халықаралық стандарттар мен қазақстандық заң нормасы өрескел бұзылғанын көрсетті" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген.

9 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Балтабайға рақымшылық жазған. Бірақ ол кезде Балтабайдың жазасы айыппұлмен алмастырылғаны жайлы айталмаған.

Бірақ қыркүйекте Балтабай түрмеден шыққанымен кәсіподақ жұмысына қайта төрағалық етуге кедергі барын айтып, рақымшылықтан бас тартатынын мәлімдеген. Ол президент Тоқаевқа хат жазғанын, енді сот арқылы заңсыз сотталғанын дәлелдеуге тырысатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG