Accessibility links

"Оңтүстік Кореяда бала қақты" деген күдікті Павлодарда екені хабарланды


Оңтүстік Корея. Көрнекі сурет.
Оңтүстік Корея. Көрнекі сурет.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі «Оңтүстік Кореяда баланы қағып, оқиға орнынан қашып кетті» деп күдікке ілінген қазақстандықтың қазір Павлодар қаласында екенін хабарлады.

«Ол адамды тауып, әңгімелестік. Оқиғадан кейін билет алып, Қазақстанға ұшып келген. Қазір ол [Павлодардағы] үйінде. Оны ұстаған жоқпыз. Корея тарабы қажетті құжаттарды жіберген. Құжаттарды бас прокуратураға бердік. Іспен солар айналысады» деді министрлік өкілі Айбек Смадияров.

Министрлік өкілінің сөзінше, бұл мәселе екі елдің мемлекеттік құрылымдары арасында заңға сай шешіледі. Смадияров күдіктінің есімін айтқан жоқ. Ал жергілікті басылымдар күдікті ер адам 1999 жылы туғанын жазды. Кореялық Yonhap агенттігі күдікті Оңтүстік Кореяға заңсыз келгенін хабарлады.

Нұр-Сұлтан мен Сеул арасында қылмыс жасаған адамдарды алмасу туралы келісім бар.

Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, 18 қыркүйекте Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында ер адам көлікпен жеті жастағы баланы қағып, елден қашып кеткен. Бала қатты жарақаттанғаны хабарлаған. Осы оқиғадан кейін Оңтүстік Корея шетелдіктердің елге кіру ережесін қатаңдатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG