Accessibility links

Шымкент белсенділері журналист Амангелді Батырбековке бостандық сұрады


Амангелді Батырбеков.

Шымкенттегі "Достық" қонақүйінде қазанның сегізіне баспасөз мәслихатын өткізген жергілікті белсенділер Сарыағаш аудандық сотының үкімімен 2 жыл 3 айға сотталған "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы, журналист Амангелді Батырбековті бостандыққа шығаруды сұрады.

Сотталған Амангелді Батырбековты қолдау мақсатында өткен баспасөз мәслихатына елуге жуық адам қатысты. Кейбір белсенділер "Амангелдіге бостандық" деген жазуы бар плакат ұстап отырды. Журналистің әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова мен қорғаушысы Шынар Ермекова сот тергеуінде "іс біржақты қаралып, Батырбековтің құқығы шектелді" деп мәлімдеді.

Қорғаушы Шынар Ермекованың айтуынша, "сот тергеуі екі рет Амангелді Батырбековтің қатысуынсыз өткен. Заң бойынша айыпталушының қатысуынсыз сот тергеуін өткізуге тыйым салынады. Сараптама да біржақты жасалған. Батырбековтің сотқа түсірген бірнеше өтінішінің ешбірі, соның ішінде, судьяға сенімсіздік білдіргені де қанағаттандырылмаған".

- Бұл - сот тергеуіндегі өрескел қателік. Сарыағаш аудандық сотының үкіміне апелляциялық шағым түсірдік,- дейді қорғаушы.

Баспасөз мәслихатының соңында "бостандық" деп ұрандатқан белсенділер Амангелді Батырбековті қолдау комитетін құрды.

23 қыркүйекте Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты Батырбековті Қылмыстық кодекстің "жала жабу" және "қорлау" бабымен кінәлі деп танып 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Соттың шешіміне қарағанда, "Амангелді Батырбековтің Facebook парақшасына жариялаған бес жазбасына арнайы сараптама жасалған. Сараптама қорытындысы бойынша "жәбірленуші, Келес ауданы білім бөлімінің басшысы Бақтияр Абдиевтің ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер бар екені анықталған".

Батырбековтің әйелі, қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова күйеуі өзіне тағылған айыпты мойындамағанын, сотта бірде-бір дәлелі ескерілмегенін мәлімдеген.

Амангелді Батырбеков өзінің үстінен сот басталғаны жайлы қыркүйектің бесіне Facebook парақшасына жазған болатын. Онда "Келес ауданы білім бөлімінің бастығы Бақтияр Абдиев "Facebook парақшасы арқылы жала жапты, ар-намысыма тиді" деп сотқа шағымданғанын айтқан еді.

Амангелді Батырбеков қыркүйектің бесіне өткен алғашқы сот отырысында судья Зәуре Әлсееваға сенімсіздік білдірді. "Зәуре Әлсееваны бұрын баспасөз бетінде бірнеше рет сынадым және ол да маған қатысты заңсыз шешім шығарған болатын деген уәжімді ескермеді" деп жазды.

Амангелді Батырбековті 2015 жылы күзде Сарыағаш аудандық соты Қылмыстық кодекстің 130-бабының ("Жала жабу") 3-бөлігі бойынша бір жарым жылға бас бостандығынан айырған. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымданған соң іс қайта қаралып, ақталған. Арызданушы Сайрам ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Сапаров осы іс бойынша қайта шағымданғаннан кейін бір жыл алты айға бас бостандығы шектеліп, рақымшылық туралы заңға сәйкес 2017 жылы бостандыққа шыққан.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG