Accessibility links

Бейбіт жиын құқығын талап еткен Баку тұрғындары ұсталды


Бакудегі наразылық. 8 қазан 2019 жыл.
Бакудегі наразылық. 8 қазан 2019 жыл.

Әзербайжан астанасы Бакуде 8 қазанда полиция бейбіт жиын өткізу құқығын талап еткендерді ұстады. Кейбір дереккөздер рұқсат етілмеген акция кезінде 30 адамның ұсталғанын хабарлады.

Сейсенбі күні күндіз бір топ оппозиция белсендісі қалалық әкімдік алдына жиналып, орталық стадионда митингі өткізуге рұқсат бермегеніне наразылық білдірді. Бұған дейін қала әкімдігі жиынға қатысатын адамдар саны 50-ден аспаса ғана орталықта жиын өткізуге рұқсат деген. Билік оппозиция белсенділеріне қала орталығындағы стадионның орнына қала сыртында митингі өткізуді ұсынған.

Әкімдіктің бұл шешіміне наразы болған "Әзербайжан демократиялық күштерінің ұлттық кеңесі" наразылыққа шақырған.

8 қазанда 20-30 адам әкімдік алдын қоршаған полиция шебін бұзып өтуге ұмтылғанымен полиция оларды күшпен таратуға тырысып, кейбірін ұстады. Ақпарат құралдарына оқиға орнынан ақпарат таратуға тыйым салды.

Баку полициясы "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" 17 адамға ескерту берілгенін хабарлады. Төрт адамның үстінен сондай айып бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Бес адамның ісі сотқа жіберілген. Оқиға орнынан түсірілген суреттерде каска киген полицейлердің әкімдік алдын қоршап тұрғаны, наразылардың плакат ұстап тұрғаны көрінеді.

"Әзербайжан демократиялық күштерінің ұлттық кеңесі өкілдері" наразылардың заң бұзбағанын, бейбіт жиынға келгендердің құқығы бұзылғанын мәлімдеді. Олар 19 қазанда тағы ла митинг өткізбек.

Әкімдік алдында наразылар тобына қосылмай "Президент Әлиев, біз сізбен біргеміз" деген жазуы бар плакат ұстап тұрғандар да болды.

Халқының саны 10 миллион Әзербайжанды 2003 жылдан бері Ильхам Әлиев басқарып отыр. Ол 2003 жылы Әзербайжанды 1993 жылдан бері басқарған әкесі Гейдар Әлиев қайтыс болғаннан кейін оның орнына президент болып сайланған. 2018 жылы сәуірдегі президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша сайлаушылардың 84 пайызының дауысын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG