Accessibility links

ҰҚК мен сот Сыроежкин үкімі жайлы ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасамай отыр


Константин Сыроежкин.
Константин Сыроежкин.

Қазақстан соты мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті «мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен ұсталған қытайтанушы ғалым Константин Сыроежкинге «сот үкімі шықты» деген ақпарат жайлы мәлімдеме жасамай отыр.

Liberty құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуов 9 қазанда Facebook парақшасында Сыроежкиннің 10 жылға сотталып, азаматтықтан айырылғанын жазды. Ағелеуовтің сөзінше, Сыроежкин ісін Алматы соты қараған. Сот актілерінің онлайн-базасынан іске қатысты ақпарат байқалмады.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис Азаттыққа Сыроежкинге үкім шыққанын екі күн бұрын естігенін айтты. Жовтис «істе мемлекеттік құпия болғандықтан сот жабық өткен болар» деп болжайды.

Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің өкілі Сыроежкин жайлы ақпаратты растамады, жоққа да шығармады. Бұл істе мемлекеттік құпия бар екенін, ақпарат берілмейтінін айтты.

ҰҚК баспасөз қызметі «Сыроежкин ісі жайлы ресми ақпарат 10 қазанда түске қарай жариялануы мүмкін» екенін хабарлады.

Константин Сыроежкиннің ақпан айында қамауға алынғаны мамыр айында ғана белгілі болды. ҰҚК Сыроежкин "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 19 ақпаннан бері қамауда отырғанын хабарлады. Сол кезде Сыроежкиннің азаматтығы жайлы сұрақтар да туындаған. Бірақ ресми органдар ол туралы жеткілікті ақпарат бермеген.

Америкалық Wall Street Journal газеті 10 шілдеде дереккөздеріне сілтеме жасап, «Сыроежкин ақшалай сыйақыға Қытайға құпия құжат сатуы мүмкін» деген ақпарат таратқан. Wall Street Journal Қытай билігінің Сыроежкин ісін «жоқтан бар жасау» деп сипаттағанын ескерткен. Басылым Сыроежкиннің қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр болып тұрғанда Қытай мәселесі бойынша кеңесшісі болғанына назар аударған.

Мамырда Қазақстанның бірнеше зерттеушісі Тоқаевтан бұл істі бақылауына алуды, Сыроежкинді үйқамаққа босатуды сұраған. Бірақ Тоқаевтың зерттеушілер хатына жауап бергені немесе бермегені белгісіз.

СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген 62 жастағы Константин Сыроежкин - Қазақстанда Қытай мәселелері бойынша белгілі сарапшылардың бірі. Орыс, ағылшын және қытай тілінде жарық көрген мыңнан астам мақаланың авторы. 2006 жылдан Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері.

2017 жылы Қазақстан "террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін" азаматтығынан айыру туралы заң нормасын енгізген. Бұған дейін заңның бұл нормасы бойынша қандай да бір адамның азаматтықтан айырылғаны жайлы ақпарат болмаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG