Accessibility links

Ақтөбеде Қытай компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етті


Наразы топ алдына шыққан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов (ортада) жұмысшыларға жағдайды түсіндіріп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

11 қазанда Ақтөбе облысындағы Жаңажол мен Кеңқияқ мұнай кеніштерін бұрғылайтын "Восток нефть и сервисное облслуживание" Қытай компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді талап етіп, компания кеңсесіне келді.

Олардың айтуынша, бұған дейін жұмыс беруші жалақыны жұмысшылар сұрағандай 50 пайыз емес, 20 пайызға өсіруге уәде берген. Бірақ оның өзін де жұмысшылар ала алмай отыр.

- Біз ең аз айлыққа жұмыс істеп жатырмыз. Жұмыс беруші жалақыны елу пайызға өсіруге келіспей отыр. Төртінші разрядпен жұмыс істейтіндердің жалақысы 120 мың теңгеге де жетпейді. Бұрғылау компаниясы ауыр техникамен жұмыс істейді. Бұрғылаушылар ең жоғары жалақы алады деп уәде берген, - деді бұрғылаушы Амантай Бердімағамбетов.

Наразы топтың алдына шыққан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жұмыс беруші компанияның биыл жалақыны екі рет: қаңтар айында 9 пайызға, қыркүйек айында 20 пайызға көбейткенін алға тартты. Ол жаңа жылдан кейін компания басшылығы бұл мәселені тағы қарастыратынын айтып, жұмысшыларды ішке кіріп, мәселені талқылауды ұсынды. Бірақ жұмысшылар "жұмыс берушінің өзі осында келсін" деп бас тартты. Кейбір жұмысшылар "жалақы өсті" десе де соңғы жалақыларында өзгеріс байқалмағанына шағымданды. Қайрат Бекенов оларға "есепшіге кіріп, тексертейік" деп ұсынды.

Қыркүйек айының ортасында осындай талап айта бастаған жұмысшылар 10 қазанға дейін жалақы өсірмесе, кеніштегі жұмысымызды тоқтатамыз деген еді. Кейбір жұмысшылар 11 қазанда кеніште бұрғылау жұмысының тоқтағанын хабарлады. Интернетте тараған видеолардың бірінде өздерін "Восток нефть и сервисное облслуживание" компаниясының "26 және 35 бригада жұмысшыларымыз" деп таныстырған мұнайшы киімін киген бір топ адам жалақыларын көбейтпейінше жұмысын тоқтатынын мәлімдейді. Әзірге қалған бригадалар жайлы мәлімет жоқ. Ал компания бұл ақпаратты әзірге растаған жоқ.

Бұрғылаушы Руслан Шоқпаровтың айтуынша, 9 қазанда жұмыс беруші компания бірнеше бригаданың жүзге тарта жұмысшысын "әкімшілік демалысқа жіберген". Бұрғылаушылар жұмыс берушінің бұл әрекетін түсінбейді.

- Негізі жұмысымыз 14-те аяқталуы керек еді. Бізді "әкімшілік демалыс" деп үйімізге қайтарды, қазір жұмыссызбыз. Жұмыс беруші қандай ұсыныс айтар екен деп кеңсе алдына жиналып тұрмыз, - деді ол.

Бұрғылаушы Руслан Шоқпаров (сол жақта). Ақтөбе қаласы, 11 қазан 2019 жыл.
Бұрғылаушы Руслан Шоқпаров (сол жақта). Ақтөбе қаласы, 11 қазан 2019 жыл.

Жұмысшылар шулағаннан кейін компанияның бас директоры Чжан Баоцзюнь шықты. Ол жұмысшылардың талабынан хабардар екенін айтып, "жұмысшылардың талаптары орынды" деді.

- Қыркүйек айында 900 адамның жалақысын 20 пайызға көбейттік. Біз қол қусырып отырған жоқпыз. Басқа тапсырыс берушілермен жұмыс істеп, Атырау облысында жұмыс орындарын ашып жатырмыз. Бұған қоса, ұңғыманы қазу жағдайына байланысты төрт ай сайын жұмысшыларға сыйақы беріліп отырады. "Ұсақтап бұрғылайтын" жұмысшыларға ай сайын сыйақы беріледі. Біз барынша жұмысшылардың жағдайын жақсартуға тырысып жатырмыз, - деді Чжан Баоцзюнь.

"Восток нефть и сервисное облслуживание" компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюнь жұмысшыларға жағдайды түсіндіріп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.
"Восток нефть и сервисное облслуживание" компаниясының бас директоры Чжан Баоцзюнь жұмысшыларға жағдайды түсіндіріп тұр. Ақтөбе, 11 қазан 2019 жыл.

"Восток нефть и сервисное облслуживание" компаниясы Ақтөбе облысындағы Жаңажол, Кеңқияқ кеніштерінде мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылаумен айналысады. Компанияның дерегінше, серіктестіктегі 1112 жұмысшының 106-сы шетелден келген. Жалақының аздығына наразылық білдірушілердің барлығы Қазақстан азаматтары.

  • 16x9 Image

    Жаңагүл ЖҮРСІН

    Жаңагүл Жүрсін - Азаттықтың Ақтөбе облысындағы тілшісі. 1975 жылы 16 желтоқсанда дүниеге келген. 1996 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетін бітірген. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телевидениесінен бастап, әр жылдары осы өңірдегі түрлі БАҚ-та тілші, редактор, бас редактор қызметін атқарған. Азаттықпен 2011 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG