Accessibility links

Бұрынғы экономика министрі Бишімбаевтың қамаудан шыққаны хабарланды


Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот залында. 8 қаңтар 2018 жыл.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев сот залында. 8 қаңтар 2018 жыл.

"Бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталып, 10 жылға сотталған Қазақстанның бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті және Бишімбаевтың адвокаты хабарлады.

Ақпаратты Шымкент қаласы Абай аудандық соты Tengrinews.kz сайтына растаған. Сот өкілі Азат Өтегеновтің сөзінше, Қуандық Бишімбаев жазасын жеңілдетуге, яғни шартты түрде босап шығуға өтініш берген. Сот оның өтінішін 25 қыркүйекте қарап, қанағаттандырған. Сот шешімі 11 қазаннан бастап күшіне енген.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті "Бишімбаев президенттен кешірім беруді сұрап өтініш жазды. 2019 жылы экс-министрге кешірім беріліп, жаза мерзімі қысқарды. Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындап, ісіне өкінді. Сот белгілеген шығындарды өтеді. Жазасын өтеу кезінде өзін жақсы қырынан көрсетіп, мәдени-бұқаралық шараларға белсене қатысты" деп мәлімдеді.

Сот 2018 жылы 14 наурызда Қуандық Бишімбаевты "Бәйтерек" холдингін басқарған кезінде мемлекет қаржысын жымқырды” деген айыппен он жылға соттаған. Іс бойынша айыпталған жиырмадан астам адамның бірнешеуі тағылған айыпты мойындап, тергеушілермен келісімге келген. Сот олардың кейбірін қысқа мерзімге бас бостандығынан айырған.

Бишімбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, кінәлі екеніне айғақ-дәлелдің жоғын айтқан. Сот процестері кезінде Бишімбаев Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан екі рет кешірім сұрап, президентке адал болып қала беретінін мәлімдеген. Сот Бишімбаевқа мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салып, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарды. Ол Түркістан облысы Төле би ауданы Леңгір қаласындағы қатаң режимдегі ИЧ 167/9 мекемесінде қамауда отырды. Экс-министр

2018 жылы 29 желтоқсанда Төле би ауданының соты Бишімбаевтың арызы бойынша, Шымкенттегі жалпы режимдегі колонияға ауыстыру туралы шешім қабылдаған.

Бишімбаев мемлекеттік "Болашақ" бағдарламасымен 2001 жылы АҚШ-тағы Джордж Вашингтон атындағы университетін бітірген. Ол - "Болашақ" түлектерінің арасынан шыққан алғашқы министрлердің бірі. Бишімбаев әр жылдары "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағалығынан президент көмекшісіне дейінгі жоғары қызметтер атқарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG