Accessibility links

Макрон: Түркия шабуылы содырлардың күшеюіне ықпал етуі мүмкін


Сирияның солтүстік-шығысы. 11 қазан 2019 жыл.
Сирияның солтүстік-шығысы. 11 қазан 2019 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон Түркияның Сириядағы әскери операциясы осы аймақта ошақтары бар "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының күшеюіне ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді. АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен Макрон "Анкара шабуылды тоқтатуы тиіс" деп бір күн бұрын жасаған мәлімдемесін қайталаған. Бұл ақпаратты 12 қазанда Франция президенті кеңсесінің баспасөз қызметі хабарлады.

Макрон "ИМ-нің аймақта жандануына жол бермеу керек" деді. Ол содырларды Сирия мен Ирак аумағынан тықсырған негізгі күш - АҚШ бастаған әскери коалицияға көмектескен күрд жасақтарына қолдау көрсету қажеттігін де алға тартты.

Дегенмен Франция президентінің кеңсесі таратқан мәлімдемеде Макронның АҚШ-тан мәселеге араласуды сұрағаны-сұрамағаны жазылмаған. Көптеген сарапшылардың пікірінше, Трамптың аймақтан әскер алып кету туралы шешімі Сириямен шекарада Түркияның күрдтерге қарсы операция бастауына жағдай жасады.

Оқи отырыңыз: Түркия Сирияға әскер кіргізбек. АҚШ бұл операцияға "араласпайды"

Әскери операцияның жалғасып жатқанына төрт күн болды. Түркияның мемлекеттік ақпарат құралдарының жазуынша, Түркия қолдайтын Сирия ереуілшілері елдің солтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызы бар тас жолға жеткен. Бұл аумақ пен Түркия шекарасының арасы 30 шақырымды құрайды.

Түркия жағы әскери операцияның мақсаты Сириямен шекаралас аумақты күрдтер жасағынан тазартып, "қауіпсіздік аймағын" құру деп түсіндірді. Анкара күрд жасақтарын "террорист" деп атап, Түркия аумағындағы сепаратистерге дем берді деп айыптайды. Ердоған 11 қазанда оларды шекара маңынан тықсырмайынша шабуылды тоқтатпайтынын айтқан.

BBC-дің жазуынша, "Сирия демократиялық күштері" мұнда "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының 12 мыңнан астам мүшесін жеті түрмеде ұстап отыр. Олардың нақты орналасқан жері айтылмайды, бірақ бұған дейін олардың Түркия шекарасына жақын жерде шоғырланғаны туралы хабарланған. Бұл аумақта бостандықта жүрген содырлар да бар екенін еске салған кейбір сарапшылар Түркия шабуылы экстремистік топтың қайта күшеюіне ықпал етуі мүмкін деп қауіптенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG