Accessibility links

Прокурор "ҚДТ жайлы жазбалары үшін" айыпталған белсендіге 1,5 жыл сұрады


"ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталған Серік Жахин сотта. Нұр-Сұлтан, 16 қыркүйек 2019 жыл.

Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық сотында прокурор соттан "Facebook парақшасында тыйым салынған ұйымның жазбаларын бөлісті" деп айыпталған Серік Жахиннің бас бостандығын бір жарым жылға шектеп, екі жылға дейін көпшілік алдында сөйлеуге тыйым салуды, әлеуметтік желіде аккаунт ашуға шектеу қоюды және жылына 100 сағат міндетті жұмысқа тартуды сұрады. Жарыссөзде айыпталушы Қазақстанда тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын қолдайтынын және өзін "экстремист" деп санамайтыны айтты. Жахин өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын жеткізді.

Айыптау актісін оқыған прокурор Дамир Тағаевтың сөзінше, Жахин 28 ақпан-28 мамыр аралығында тұрақты түрде ҚДТ қозғалысы туралы ақпараттарды репост жасап отырған.

- Серік Жахин әлеуметтік желідегі аккаунттарына ҚДТ жазбасын жариялау арқылы қоғамға аса қауіпті ұйымның идеологиясын қолдайтынын көрсетті, - деді прокурор.

Ал айыпталушының адвокаты Аманжол Мұхамедияров сотта Жахинге тағылған айыптар дәлелденбеді деп санайды.

- Серік Жахиннің кінәсі дәлелденген жоқ. Айыптау тарабы белгісіз біреудің жасаған скриншотын дәйек етеді. Қылмыстық істе жалған дәлел келтірген тұстары бар. Прокурор сол скриншотқа жасалған сараптамаға сүйенеді. Біз оны істен алып тастауды талап еттік, - деді.

Серік Жахинге қатысты сот үкімі 15 қазанда оқылады деп жоспарланған. 60 жастағы Серік Жахинге 7 маусымнан бері қамауда отыр.

"Тыйым салынған экстремистік ұйым жұмысына қатысы бар" деген айып Серік Жахиннен басқа Нұр-Сұлтан тұрғындары Ақмарал Керімбаева мен Гүлмира Халықоваға да тағылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар кеңесі Серік Жахинді "саяси тұтқын" деп таныған. Жахиннен бөлек белсенді Әнуар Әшірәлиев, көп балалы әйел Оксана Шевчук, жалғызілікті әйелдер Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуова де бар. Олардың барлығы да "тыйым салған ҚДТ қозғалысының жұмысына араласты" деп айып тағылған.

2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану және тыйым салуды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Ақорданы сынаушы, шетелге қашқан бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған қозғалыстың материалдарын таратуға да тыйым салынған. Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын қозғалыс құрылғанын 2017 жылы сәуірде жариялаған еді. Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG