Accessibility links

Сот қытайтанушы Сыроежкинді Қазақстан азаматтығынан айырды


Қытайтанушы Константин Сыроежкин
Қытайтанушы Константин Сыроежкин

"Мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 7 қазанда 10 жылға сотталған қытайтанушы Константин Сыроежкинді сот Қазақстан азаматтығынан айырды.

Алматы қалалық сот 15 қазанда таратқан ақпаратта «Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот Константин Сыроежкинді «мемлекетке опасыздық жасады» деген айып бойынша кінәлі деп танып 10 жылға түрмеге қамау жазасын кесті және Қазақстан азаматтығынан айырды» деп көрсетілген.

Сот үкімі жарияланғаннан кейін ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) таратқан хабарда Сыроежкин Қазақстан азаматы ретінде көрсетілген болатын.

Сот үкімі бойынша, Сыроежкин жаза мерзімін қатаң режимдегі колонияда өтеуі тиіс және жазасы өтелген соң бес жыл ішінде Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынып, Қазақстан аумағынан шығарылады. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.

2017 жылы Қазақстан "террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін" азаматтығынан айыру туралы заң нормасын енгізген.

Константин Сыроежкин биыл ақпанда мемлекеттік құпия ақпараттар тарағаны жайлы тексеріс барысында қамауға алынған. Оның қамауға алынғаны туралы алғашқы ақпараттар мамыр айында ғана пайда болған. Кейіннен ҰҚК Сыроежкин "мемлекетке опасыздық жасады" деген айыппен 19 ақпаннан бастап қамауда отырғанын растаған, алайда істің мән-жайын түсіндірмеген.


СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жоғары мектебін бітірген, 2006 жылдан Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында бас ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген 63 жастағы Константин Сыроежкин Қазақстандағы белгілі қытайтанушылардың бірі саналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG