Accessibility links

"Хизб ут-Тахрирге" қатысы бар" деп айыпталғандар сотында ҰҚК тергеушісі жауап берді


Айыпталушы Қарлығаш Адасбекова, адвокаттар Руслан Жаңабаев пен Гүлнәр Қарамолдаева, айыпталушы Дария Нышанова сот залында отыр. Алматы, 15 қазан 2019 жыл.
Айыпталушы Қарлығаш Адасбекова, адвокаттар Руслан Жаңабаев пен Гүлнәр Қарамолдаева, айыпталушы Дария Нышанова сот залында отыр. Алматы, 15 қазан 2019 жыл.

Қазақстанда тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымына қатысты, діни араздық туғызды" деп айыпталған 24 жастағы Қарлығаш Адасбекова мен 28 жастағы Дария Нышанованың ісі бойынша Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан сот процесінде бүгін бірнеше куәгерден жауап алынды. Оның ішінде ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері мен екі айыпталушылардың үстінен шағым түсірген адамдар бар.

Шағым түсірген куәгер Ж. "тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының шамамен бір жыл бұрын Facebook әлеуметтік желісінде материалдары тарала бастағанын көрген соң полицияға барғанын, ондағылар ҰҚК-ге жібергенін айтты.

Айыпталушылар Ж-дан не себептен бірден полицияға барғанын, тыйым салынған ұйым материалдарын жариялап отырғанын өздеріне неге ескертпегенін сұрады. Куәгер Ж. айыпталушылар туысы, қандай да бір жақыны немесе таныстары емес екенін, сондықтан оларды ескерту қажет деп санамағанын мәлімдеді. Ол арада бір жыл өткендіктен айыпталушылар жариялаған материалдың қай тұсының эстремистік сипаты бар екенін ұмытып қалған болып шықты.

Тағы бір куәгер Ш-ны ҰҚК тергеушісімен беттестірген кезде судья Ернар Қасымбеков куәгер WhatsApp желісіндегі топта тыйым салынған ұйым материалы таралғаны туралы тергеуде айтқан сөзінен неге айнып қалғанын сұрады. Куәгердің жауабына қарағанда "ол кезде жоғары қысым салдарынан көзі нашарлап, құлағы дұрыс естімеген, сондықтан төңірегінде не болып жатқанын бажайлай алмаған". ҰҚК қызметкерінің сөзінше тергеу кезінде куәгер Ш-ға "қысым жасалмаған, ол тергеу хаттамасына өз еркімен қол қойған".

Тағы бір куәгер С. бұл іс бойынша ештеңе айта алмайтынын алға тартып, куәгер ретінде қатысқанына өзі таңырқады.

Алайда судья Ернар Қасымбеков оның соттағы сөзі мен тергеу кезінде "Хизб ут-Тахрир" ұйымының материалдары желіде тарап жатқаны туралы айтқан сөзінде айырма бар екенін ескере отырып, тергеудегі сөзін іске қосуға мәжбүр екенін мәлімдеді.

Айыптау актісіне қарағанда, Адасбекова мен Нышанова "діни араздық тудыратын идеялар насихаттайтын" WhatsApp желісіндегі топта болған. Екеуі де Қазақстанда 2005 жылы экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған "Хизб ут-Тахрир" ұйымының жұмысына қатысқан деп айыпталып отыр.

Судья журналистердің сот отырысынан видео және аудиожазба жүргізуіне тыйым салды.

ҰҚК сайтында "Хизб ут-Тахрир" ұйымы жер бетінде халифат құруды көздейтін діни-экстремистік" ұйым деп көрсетілген.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG