Accessibility links

Назарбаев Бакудегі саммитте Түркі әлемінің орденімен марапатталды


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоаған Бакудегі саммитте. 15 қазан 2019 жыл.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоаған Бакудегі саммитте. 15 қазан 2019 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің саммитіне қатысты. Бұл туралы 15 қазанда ресми басылымдар жазды. Бұрынғы президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай кеңес жиынында Назарбаев Түркі әлемінің орденімен марапатталғанын хабарлады.

Ал Назарбаев саммитте сөйлеген кезде кеңестің атын «Түркі мемлекеттерінің ұйымы» деп өзгертуді ұсынды.

Қазақстандық ақпарат агенттіктерінің жазуынша, Бакудегі жиында Назарбаевқа «Түркітілдес елдердің кеңесінің өмір бойғы құрметті төрағасы» атағы тапсырылуы тиіс. Назарбаевқа бұл атақты беруді мамырда Түркия ұсынған.

Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі 2009 жылы қазанда құрылған. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мүше. Биыл қыркүйекте Өзбекстан ұйымға мүше болуға өтініш берген. Былтыр Қырғызстанда өткен саммитте ұйымға бақылаушы ретінде Венгрия қосылған. Сол жиында төрағалық Қырғызстаннан Әзербайжанға өткен.

Қазақстанды 30 жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президент өкілетін тоқтататынын мәлімдеген. Бірақ «Нұр Отан» партиясының лидері және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір бөлігін өз қолында ұстап отыр.

Назарбаевтың заңмен бекітілген «елбасы» статусы бар. Бұл статусқа сай, Назарбаев пен оның отбасы қандай да бір қылмыстық я әкімшілік жауапқа тартылмайды.

Наурызда президентіктен кеткен Назарбаевқа «құрметті сенатор» және Еуразия экономикалық одағының құрметті төрағасы атағы берілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG