Accessibility links

Оңтүстік Корея тәжік самбошыларына виза беруден бас тартты


Тәжікстан астанасы Душанбеде өтіп жатқан жарыс. 11 сәуір 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Тәжікстан астанасы Душанбеде өтіп жатқан жарыс. 11 сәуір 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Оңтүстік Корея биыл қарашада Чхонджуда өтетін әлем чемпионатына қатысуы тиіс тәжік самбошыларына виза беруден бас тартты.

Оңтүстік Корея самбо федерациясының өкілдері тәжік әріптестеріне 2016 жылы Кореяға келген тәжіктің төрт палуаны қайтпай қалғанын, тағы да қайталанбас үшін Оңтүстік Корея билігі бұл жолы тәжік спортшыларына виза бермегенін хабарлаған.

Самбодан Тәжікстан құрамасының бас жаттықтырушысы Носир Базаров осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Кореяға жарысқа барған тәжік спортшылары қайтпай қалғанын Азаттықтың Тәжік қызметіне растады, бірақ себебін білмеді.

Тәжікстан самбо федерациясының президенті Махмуд Абдуллоевтың айтуынша, 2016 жылы Оңтүстік Кореяда әскери самбодан халықаралық фестиваль өтер кезде елшіліктен виза алу үшін Тәжікстанның 8 спортшысы құжат тапсырған. Оның арасында күрес жаттықтырушысы Олим Зикаев бастаған төрт спортшы Оңстүтік Кореяға бөлек ұшып барған, бірақ жарысқа қатыспай, хабарсыз кеткен.

Самбодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 8-10 қарашада Чхонджуда (Оңтүстік Корея) өтеді.

Соңғы жылдары Тәжікстан азаматтары Оңтүстік Корея мен Тәжікстан арасында еңбек миграциясы туралы келісім жоқтығына қарамастан түрлі жолдармен Оңтүстік Кореяға кетуге тырысатыны байқалған. Алайда Тәжікстанның кейбір азаматтары Оңтүстік Кореяға Ресей паспортымен барып жүрген. Кореяға барған тәжік мигранттары, бұл елде заңды бұзбаған адамды полиция мазаламайтынын айтады. "Ресейден гөрі Кореяда жұмыс та көп, жалақы да жоғары", - дейді Кореядағы тәжік мигранты Азаттықтың тәжік қызметіне.

Оңтүстік Кореяға жұмыс іздеп кеткен тәжік мигранттарының нақты саны белгісіз.

Соңғы жылдары Оңтүстік Кореяға постсоветтік республикалардан жұмыс іздеп баратын еңбек мигранттары көбейген. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегіне қарағанда Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматтарының саны 10 мыңнан асады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG