Accessibility links

Алматы тұрғыны Жәкішевті босатуды талап етіп пикет өткізіп жүр


Асхат Жексебаев Тәуелсіздік монументінің алдында тұр. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.
Асхат Жексебаев Тәуелсіздік монументінің алдында тұр. Алматы, 18 қазан 2019 жыл.

16 қазанда Алматыда белсенді Асхат Жексебаев «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы, қазір қамауда отырған Мұхтар Жәкішевті қолдап, бір адамдық пикет өткізді. Ол Тәуелсіздік монументі жанында Жәкішевті және қазақстандық құқық қорғаушылар «саяси тұтқын» деп танығандарды босатуды талап етті.

Өткен айда заңсыз митингіге қатысты деп 10 тәулік қамауда отырып шыққан 46 жастағы Асхат Жексебаев 11 күн бойы бір адамдық пикет өткізіп жүр. Оның наразылық шарасы 4 қазанда басталған.

Жексебаев «саяси тұтқындарды босатуға нақты қадамдар жасалмайынша бір адамдық пикетін жалғастыра беретінін» айтады.

«Түрмеде отырған барлық саяси тұтқынды мерзімі мен айыбына қарамастан босатуды талап етемін. Билік оларды босатуға нақты қадамдар жасағанша осы жерге келе беремін» деді ол.

Жексебаевтың сөзінше, оған әкімдік өкілдері келіп, пикеттің заңсыз екенін ескертіп, наразылық шарасын тоқтатуды талап еткен. Ал полицейлер пикетті сырттай бақылап тұрады.

Белсенді тамызда Алматыдағы Жібек жолы бойында болған «саяси тұтқындарды» босатуды талап еткен наразылыққа да қатысқан.

Соңғы уақытта Қазақстанда бір адамдық пикеттер көбейді. Жалғыз адамдық пикетке шыққандардың көбі биліктен «саяси тұтқындарды» босатуды талап етеді. Нұр-Сұлтан «елде саяси тұтқындар жоқ» деп санайды.

Биыл тамызда қазақстандық құқық қорғаушылар қазір қамауда отырған сегіз адамды «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан. Құқық қорғаушылар түзген «саяси тұтқындар» тізімінде 20-дан астам адам бар.

Оқи отырыңыз: Мұхтар Жәкішев ісі. 15 дерек

Мұхтар Жәкішев «Венада (Австрия) «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген» деген айыппен 2009 жылы 14 жылға сотталған. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Халықаралық ұйымдар да бірнеше рет Қазақстан билігінен Жәкішевке бостандық беруді сұраған. 2015 жылы Жәкішевтің шағымын қараған Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары жөніндегі Комитеті оның құқығы бұзылғанын растап, Қазақстан билігін тұтқынды босатуға шақырған.

Биыл қыркүйекте Өскемендегі сот Жәкішевтің шартты түрде босату туралы өтінішін қанағаттандырмай қамауда қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG