Accessibility links

Ресейде әскери полигон аймағына бармақ болған дипломаттарды пойыздан түсіріп тастады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресейдің Архангельскі облысында Ненокса - Северодвинскі бағыты бойынша пойызға мінген АҚШ елшілігінің үш өкілін пойыздан түсіріп тастады. АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, Америка жағы бұған дейін дипломаттардың ресми сапары жайлы Ресей жағын құлағдар еткен.

Бұған дейін құпия дереккөзге сүйенген "Интерфакс" агенттігі режимдік аумаққа кірмек болған америкалықтардың ұсталғанын хабарлаған. Агенттіктің дерегінше, ұсталғандар арасында әскери-теңіз атташесі, АҚШ елшілігінің әскери атташесі болған.

"Интерфакстың" жазуынша, оқиға 14 қазанда Северодвинскі станциясы маңында болған. Режимдік аумаққа кіруі үшін дипломаттардың қажетті құжаттары болмаған. Дереккөздің хабарлауынша, құжаттарын тексергеннен кейін дипломаттарды босатып жіберген.

Ресейдің сыртқы істер министрлігінің айтуынша, елшілік өкілдері қорғаныс министрлігін ресми сапары жайында ескерткен, бірақ олар тек Архангельскіге ғана баратынын айтқан.

Неноксада Ресейдің әскери-теңіз күштерінің сынақ полигоны орналасқан. 8 тамызда онда жарылыс болып, Ресей билігі "Росатомның" бес қызметкері, екі әскери қызметкердің қаза болғанын мәлімдеді.

Ресми орындар "жарылыс радиоизотопты энергия көзінен шыққан" деп хабарлады. Бірақ ресми мәлімдемеде нақты қандай техникаға қатысты екені айтылмады. Бұған дейін көптеген зерттеушілер түрлі болжам айтқан. "Буревестник" құрлықаралық зымыраны жарылды деген нұсқа да болды.

Өткен апта соңында АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің Архангельскі облысындағы полигонда болған жарылыс Ақ теңіздің түбінен ядролық қондырғысы бар "Буревестник" зымыранын алып шығу кезінде болған деген қорытынды жасады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG