Accessibility links

Жаңаөзен белсендісі Ержан Елшібаев бес жылға сотталды


Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.
Жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев.

Жаңаөзен қалалық соты 17 қазанда жастар жұмыссыздығы мәселесін қозғап жүрген белсенді Ержан Елшібаевты бес жылға соттады. Құқық қорғаушылар мен жақтастары оған тағылған айыптың саяси астары барын айтады. Сот оны "денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" (106-бап, 2-бөлім) бабы бойынша кінәлі деп тапты.

Прокурор Мақсат Қойшыбаев белсендіні жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

"Либерти" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Ғалым Ағелеуовтың хабарлауынша, сот үкімін оқыған судья Бауыржан Тоқбаев үкімді естігендердің наразылығына байланысты сот залынан асығыс шығып кеткен. Ағелеуовтің айтуынша, сот залында наразылық танытқандардың көбін полиция бөлімшесіне алып кеткен. Кейінірек босатқан. Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаға байланысты түсініктеме бермеді.

Тергеудің орындарының мәліметінше, 2017 жылы Елшібаев Жаңаөзенде біреулермен төбелесіп, бір адамды жарақаттаған. Бұған дейін бақылаушылар мен адвокаттар екі жыл бұрынғы төбелеске қатысқандардың Елшібаевқа арызы жоғын айтқан.

Оқи отырыңыз: Жаңаөзендегі сотта белсенді Елшібаевты босатуды талап етті

Сот үкімі күшіне енген жоқ. Қорғау тарабы үкімді апелляцияға беретінін айтып отыр.

Белсенді бұған дейін полиция тарапынан қысым болғанын айтқан. Тамыз айында қазақстандық құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты "саяси тұтқындар" қатарына қосқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG