Accessibility links

Әділет министрлігін сотқа берген бақылаушылардың өтініші қанағаттандырылмады


Есіл аудандық сотының судьясы Бақыт Батталова сот үкімін оқып жатыр. Нұр-Сұлтан, 18 қазан 2019 жыл.
Есіл аудандық сотының судьясы Бақыт Батталова сот үкімін оқып жатыр. Нұр-Сұлтан, 18 қазан 2019 жыл.

Нұр-Сұлтанда сот кезектен тыс президент сайлауы кезінде бақылаушы болған бастамашыл топтың әділет министрлігі үстінен түсірген шағымын қанағаттандырмады.

Шағымға әділет министрлігінің республикалық "Тәуелсіз бақылаушылар альянсы" қоғамдық ұйымын үш рет тіркеуден бас тартуы себеп болған. Бақылаушылар маусым мен қыркүйек айлары аралығында министрлік көрсеткен кемшіліктерді жоям деп жүргенде министрлік дәл сондай атпен басқа бірлестікті тіркеген. Шағым берушілер соттан министрліктің әрекетін заңсыз деп тануды, дәл сондай атпен тіркелген ұйымның тіркелуін жарамсыз деп тануды сұраған.

"Қоғамдық бірлестік ретінде бірігуді көздеп отырған жеке тұлғалар тіркеліп қойған қоғамдық ұйымның тіркелуі заңды немесе заңсыз деп мәселе көтере алмайды. Сот министрліктің [қоғамдық ұйымды тіркеуден] бас тарту себептерін тексеріп, олардың шешімін заңды деп тапты" деді сот шешімін түсіндірген Есіл аудандық сотының судьясы Бақыт Батталова.

17 қазанда жарыссөз кезінде тіркелген "Тәуелсіз бақылаушылар альянсының" өкілі Өмірзақ Зәлелов жауапкердің талаптарымен келісетінін, ұйым басшыларының бірлестікті жою туралы шешім қабылдағанын айтты.

Ал шағыммен келіспеген әділет министрлігінің өкілі Гүлмира Ламашәріпова шағым түсірушілердің министрлікке тіркеуге тағы да өтініш түсіре алатынын айтты.

Соттан кейін бақылаушылардың бірі Жанбура Баекин Азаттыққа сот шешімін апелляцияға беретінін, бірлестікті тіркеуге тағы да күш салатынын жеткізді.

9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауы кезінде бақылаушылар, белсенділер және еріктілер Нұр-Сұлтан мен Алматыда бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, қыздырған кезде сиясы өшіп қалатын қаламсап қолдану сияқты түрлі заңбұзушылықты анықтаған. Бақылаушылар сонымен бірге хаттамалар мен аумақтық комиссия жариялаған дерек арасында елеулі айырмашылық барын да айтқан.

ЕҚЫҰ Қасым-Жомарт Тоқаев жеңген президент сайлауында көптеген заңбұзушылықтар болғанын хабарлады.

ТМД бақылаушылары елеуге тұрарлық заңбұзушылық болмады деп мәлімдеді. Қазақстанның бас прокуратурасы сайлау нәтижесіне күмән келтіретіндей ірі заңбұзушылық болмады деді.

Сайлау күні бірқатар қалаларда қарсылық акциялары өтіп, наразылар сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Сайлау өткеннен кейін оның қорытындысына наразылық білдірді. Полиция 9-12 маусым күндері Алматы мен Нұр-Сұлтанда 4 мыңнан астам адамды ұстады, шамамен мың адам әкімшілік жазаға тартылды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG