Accessibility links

Қаскелеңде көп балалы әйелдер жәрдемақы алмағанына шағымданды


Атаулы әлеуметтік көмектің кешіккеніне шағымданған әйелдер. Алматы облысы, 18 қазан 2019 жыл.
Атаулы әлеуметтік көмектің кешіккеніне шағымданған әйелдер. Алматы облысы, 18 қазан 2019 жыл.

18 қазанда Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде он шақты әйел атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) кешігіп жатқанына шағымданып, әкімдікке келді. Көп балалы әйелдер қыркүйек және қазан айларында жәрдемақы алмаған.

- Қашан келсек те, еститін жауабымыз біреу. "Әне түседі, міне түседі" деп қайтарып жібереді. Қазанның 10-ы түседі деген. Сосын 20-сы деді. Қыс тақап қалды, балаларымыздың аяқ-киімі жоқ. Бұлардың осылайша жыл соңына дейін созатын түрі бар, - дейді көп балалы ана Мөлдір Мырзаханова.

Өзге көп балалы аналардың да шағымы осыған ұқсас. Қарасай ауданы әкімдігі алдына жиналған аналарды әкімнің баспасөз хатшысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ертіп әкетті. Аналар "бұл мекеменің табалдырығын тоздырып талай келдік, құр уәдемен қайтарады" десті. Олардың айтуынша, өзге аудандарға АӘК кешікпей, уақытында берілген.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Сәуле Айнақұлова наразы әйелдерге "биыл атаулы әлеуметтік көмекке деп бөлінген қаржы таусылып қалды, енді Ұлттық қордан бір миллиард теңге бөлуге өтініш жіберілді" деді. Оның айтуынша, қаржының нақты қашан түсетіні белгісіз.

Билік өкілінің сөзіне көңілі толмаған аналар "жоғары жаққа хат жазамыз" деп тарасты.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің дерегінше, бюджет жоспарланғанда АӘК-ті ауданда 318 отбасы алып отырған. Қазір Қарасай ауданында бұл көмек түрін алатын отбасылардың саны 3375-ке (19 мың адам) жеткен. Аудандағы халық саны 274 мыңнан асады.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан. Осы оқиғадан соң Қазақстанда көп балалы аналар наразылығы көбейген. Олар мемлекеттің көп балалы отбасыларға тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен.

Сәуір айында билік атаулы әлеуметтік көмек туралы заң қабылдап, оған сәйкес көп балалы отбасыларға әр балаға 21 мың теңгеден төленетін болды. Бұған дейін әр аймақтан аналар әлеуметтік көмекті рәсімдеу және алу кезінде түрлі проблемаға кезіккенін мәлімдеген.

Қазан айының басында үкімет 2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтіп, табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілін өзгертуді ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG