Accessibility links

Нұр-Сұлтанда отбасындағы әлімжеттікке қарсы митингі өтті


Көрнекі сурет.

19 қазанда Нұр-Сұлтанда "Жерұйық" саябағында отбасындағы әлімжеттікке қарсы рұқсат етілген митингі өтті. Белсенділер шараға осы айда Нұр-Сұлтанда болған қайғылы оқиға түрткі болғанын айтты. Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары отбасындағы жанжалдан кейін ашуға булыққан бір ер адамның әйелін өртеп жібергенін жазған. Денесінің 75 пайызын күйік шалған 38 жастағы әйелді ауруханаға жеткізген. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалайды.

Митингіге қатысушылар бұл істі және отбасындағы әлімжеттікке қатысты өзге де істерді әділ тергеу қажеттігін айтты. Көпшілікті отбасындағы күш қолдану әрекеттерін жасырмай, полицияға айтуға үндеді. Дағдарыс орталықтарының көмегіне жүгінуге болатынын да жеткізді.

Бұған дейін Human Rights Watch (HRW) Адам құқығын қорғау ұйымы мәлімдеме жасап, Қазақстанда әлімжеттік көрген әйелдердің заңмен қорғалмағанын, олардың әділ сотқа қол жеткізуіне мүмкіндігі аз екенін айтқан. Ұйым Нұр-Сұлтанның халықаралық әріптестері АҚШ пен Еуроодақты Қазақстан билігіне отбасындағы әлімжеттік үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі бойынша ықпал етуге шақырды.

Отбасындағы әлімжеттік неге азаймай отыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

2017 жылы Қазақстан билігі "Сабау" және "Денсаулыққа жеңіл дәрежеде зақым келтіру" баптарын Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырған. Бұл түзетулерге дейін отбасындағы әлімжеттік оқиғалары қылмыс ретінде қаралған. Кінәлілер 226 900 теңге мен 453 800 теңге аралығында айыппұл төледі немесе екі айға дейін қамалды. 2017 жылдың шілде айынан бастап, айыппұл көлемі бірнеше есе азайды, қамалу мерзімі де 20 күнге дейін қысқарды. HRW мәлімдемесінде Қазақстан заңнамасы іс жүзінде зәбір көрсетушілерге "ақша төлеп, күш көрсетуге құқық береді" деп жазған. Жәбірленушілер арасында сауалнама өткізген құқық қорғаушылар бұл айыппұлдың отбасы бюджетінен төленетінін, соның салдарынан тұтас отбасы зардап шегетінін айтқан.

Құрамында 16 үкіметтік емес ұйымы бар "Дағдарыс орталықтарының одағы" ұйымы дерегінше, жыл сайын Қазақстанда отбасындағы әлімжеттіктің салдарынан жүздеген әйел көз жұмады. Әрбір сегіз отбасының бірінде әлімжеттік кездеседі. Ресми дерек бойынша, 2017 жылы Қазақстанда 18 бен 75 жас аралығындағы әйелдердің 17 пайызы күйеуінен не бұрынғы күйеуінен таяқ жеген не жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG