19 қазанда Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Сербия астанасы Белградқа барып, серб парламентінің арнайы сессиясына қатысты.
Парламентте сөйлеген сөзінде Медведев Ресейдің Балқанда бейбітшілік пен қауіпсіздіктің сақталуына мүдделі екенін айтып, Мәскеу "Белградқа территориялық тұтастық пен егемендігін сақтау үшін қолдау көрсетуге дайын" деп мәлімдеді.
Ол серб басшылығының екінші дүниежүзілік соғыс қорытындысын құрметпен еске алу және "саналы түрде тарихты бұрмалауға" қарсы тұруын Мәскеу "жоғары бағалайды" деп атап өтті.
Медведев 25 қазанда Сербия премьер-министрі Ана Брнабич Еуразия экономикалық одағымен (ЕАЭО) еркін сауда аймағын құру жөнінде келісімге қол қоятынын да еске салды. ЕАЭО-ға Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения мүше. Мамыр айында Қазақстан астанасы Нұр-Сұлтанда одаққа мүше ел басшылары одақтың құрылғанына бес жыл толуын атап өткен.
18 қазанда Сербия басылымына берген сұхбатында Медведев АҚШ-ты сынап, Вашингтонды "әлемде үстемдік етуге талпынады", Балқан мен Еуропада да ықпалын күшейтуді көздеп отыр деп айыптаған.
Медведев Белградты азат ету оқиғасына 75 жыл толуына орай өткен әскери парадқа да қатысты. Әскери шара кезінде жақында Ресей сыйлаған әскери техника да көрсетілген. Ол сапары барысында президент Александр Вучичпен де кездесті.
Сербия Еуроодаққа қосылу процесін 2008 жылы бастаған. Сарапшылардың пікірінше, Ресей және Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатқан Сербияда бұл екі ел ықпалының артуы Батысты алаңдатып отыр.
ПІКІРЛЕР