"Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына қатысты" деп айыпталған 68 жастағы отставкадағы майор Болатхан Жүнісов Талдықорғанда өтіп жатқан сотта, 21 қазанда соңғы сөзін сөйледі.
Болатхан Жүнісов "биыл наурыз айында президент өкілетін доғарса да билікте қалып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың дикаторлық басқаруы салдарынан тоқырауға ұшыраған елді көріп, қиналғаны үшін қамауға алындым» деп мәлімдеді. Ол Қазақстандағы қазіргі жағдайды "дереу саяси дренаж жасауды қажет ететін борсыған батпаққа" теңейді.
- Шенеуніктер кедейлік кебін киген қарапайым халықтан алшақтап кеткен. Өз басым өзімнің туған жерімнен жер учаскесін ала алмай жүргеніме он жылдан асты, - дейді ол.
Бұған дейін прокурор "ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған оставкадағы ІІМ майоры Болатхан Жүнісовті екі жарым жылға бас бостандығын шектеуді сұраған.
Жүнісов шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысын қолдады" деп осымен екінші рет айыпталып отыр.
18 қазанда жарыссөз кезінде прокурор Марат Әбуев Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша ("тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") айыпталған Жүнісовтің бұған дейін де осы айыппен бір жылға бас бостандығы шектелгенін ескеруін сұрады.
Жүнісовтің адвокаты Ғалым Нұрпейісов жұма күнгі отырыста "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" сот өндірісін тоқтатуды сұрады. Болатхан Жүнісов тағылған айыптарды жоққа шығарып, ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімі конституцияға қайшы деп есептейтінін айтты.
Тергеу органдарының дерегінше, 2019 жылы 7 сәуір мен 5 шілде айы аралығында Жүнісов Facebook желісінде қозғалысты қолдап, постар жариялаған. Шілде айында жергілікті тұрғындар арасында ҚДТ жайлы үгіт-насихат жүргізіп, 6 шілде күні орталық алаңға рұқсат етілмеген митингіге шығуға шақырған. Ақшалай сыйақы да ұсынған.
Жүнісов өзінің ҚДТ-ға қатысы жоғын, одан ақша алмағанын, бірақ ҚДТ-ның кейбір идеялары ұнайтынын айтады. Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Аблязов құрған "Қазақстан демократиялық таңдауы" ұйымына Қазақстанда тыйым салынған.
ПІКІРЛЕР