Accessibility links

Марат Бекетаев: Соңғы сөзді қауіпсіздік кеңесі айтады


Әділет министрі Марат Бекетаев. Нұр-Сұлтан, 2 тамыз 2019 жыл.
Әділет министрі Марат Бекетаев. Нұр-Сұлтан, 2 тамыз 2019 жыл.

Қазақстанның әділет министрі Марат Бекетаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы президент Назарбаевтың өкілетін кеңейтетін жарлығын түсіндірді. 21 қазанда нормативтер актілерінің сайтында жарияланған жарлық мәтіні бойынша, негізгі мемлекеттік лауазымдарға кандидаттар қауіпсіздік кеңесінің келісімі бойынша тағайындалуы тиіс.

Үкімет дәлізінде журналистер сұрағына жауап берген Марат Бекетаев бұл мәселеге байланысты барлық нормалар қауіпсіздік кеңесі туралы заңды қабылдау кезінде қарастырылғанын айтты.

- Шешім бүгін қабылданған жоқ. Президент жарлығы барлық процедураны нақтылай түседі. Белгілі бір лауазымдар келісіммен тағайындалатынын парламент қабылдап, оған президент қол қойып қойған, - деді ол.

Марат Бекетаевтың сөзіне қарағанда, Тоқаевтың жарлығы бойынша кадр мәселесі жөніндегі соңғы сөзді қауіпсіздік кеңесі айтады, бірақ кандидатура ұсынылғанға дейін талқыланады. Бұл жарлық президент өкілетін әлсіретпей ме деген сауалға ол: - Әлсіретпейді, бұл - қалыпты келісім процесі, - деп жауап берді.

Тоқаев 9 қазанда шығарып, 21 қазанда жариялаған жарлық бойынша, Қазақстан президенті ұлттық қауіпсіздік кеңесінің төрағасын, сыртқы барлау қызметінің жетекшісін, бас прокурорды, ұлттық банк төрағасын, облыс әкімдері мен республикалық маңызы бар қала әкімдерін, министрлерді (сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерінен өзге), президент әкімшілігінің жетекшісін қауіпсіздік кеңесінің келісімімен тағайындайды.

Президент Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли "бұл - президенттің "кезекті" жарлығы. Мемлекеттің лауазымды тұлғаларын тағайындау туралы келісім тәртібі іс жүзінде президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді" деп түсіндірген еді.

Қазақстан парламенті сенатының бұрынғы төрағасы Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін тоқтатқаннан кейін президент болған. Қызметіне кіріскен соң үш аптадан кейін мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы жарлық шығарған. Бұл сайлауда Тоқаевтың кандидатурасын Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы ұсынды. 9 маусымда өткен сайлау кезінде орталық сайлау комиссиясы "Тоқаев сайлауда жеңді" деп жариялаған. Батыс бақылаушылары "сайлау процесінде президентке берілген дауыс санына күмән келтіретіндей заң бұзушылықтар болды, сайлау мен билікке наразылардың акциясы жаппай ұстауларға ұласты" деп бағалаған болатын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG