Accessibility links

Тәжікстан журналистері билікті Азаттықтың Тәжік қызметі тілшілерінің аккредитациясын ұзартуға шақырды


Азаттық радиосы Тәжік қызметінің (Радио Озоди) қызметкерлері.
Азаттық радиосы Тәжік қызметінің (Радио Озоди) қызметкерлері.

Тәжікстанның тәуелсіз БАҚ-тар ұлттық ассоциациясы мен Тәжікстанның БАҚ кеңесі тәжік билігін шетел ақпарат құралдарын аккредитациялау механизмін сөз бостандығын шектеу құралы ретінде пайдаланбауға шақырды.

23 қазанда жасаған ортақ мәлімдемеде Азаттық радиосы Тәжік қызметінің (Радио Озоди) Душанбедегі бюросының қызметкерлерін аккредитациялау мәселесі алаңдайтынын білдірген. Қазіргі уақытта Азаттық радиосы Тәжік қызметінің 5 журналисі мен қызметкері Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің аккредитациясынан айырылып отыр. Медиакорпорацияның тағы да 9 журналисінің аккредитациясы 1 қарашада аяқталады.

"Аккредитациялау механизмі журналистердің кәсіби құқықтарын тиімді жүзеге асыруын шектемей, керісінше оған мүмкіндік беруі керек. Мұндай шектеу Тәжікстанның имиджіне нұқсан келтіреді" деп жазылған мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары "әріптестеріміздің мәселесіне немқұрайды қарай алмаймыз, өйткені олардың барлығы Тәжікстан азаматтары, аккредитацияға байланысты қазіргі жағдай олардың еңбек құқығын жүзеге асыруына, лайықты еңбекақы алуына кедергі келтіреді" дейді.

АҚШ конгресі таяуда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмоновтың атына хат жолдап, Азат Еуропа/Азаттық радиосы Тәжік қызметінің журналистеріне аккредитация беруден бас тартылғаны, оларды қуғындайтыны, қорқытып-үркітетіні жайлы хабарларға елеңдеп отырғанын жеткізген.

Демократтар өкілі Адам Б. Шифф (Adam B. Schiff) пен республикашылдар өкілі Стивом Чабот (Steve Chabot) қол қойған хатта, еркін, тәуелсіз баспасөз рухын қолдайтын Азат Еуропа/Азаттық радиосын қаржыландырушы АҚШ конгресі "АҚШ пен Тәжікстан қатынасына нұқсан келтіріп, Тәжікстан беделіне соққы боп тиетін" жағдайдың жалғасқанына алаңдайтынын білдірген.

- Азат Еуропа/Азаттық радиосының барлық қызметі журналистиканың халықаралық стандарттарын ұстанады, олардың миссиясы өз аудиториясына шынайы ақпарат жеткізу болып саналады,- дейді АҚШ конгресінің хатында.

Биыл тамыз айында Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) корпорациясы Тәжікстан билігінен сол елдегі тілшілеріне аккредитация беруді және оларға қысым жасауды тоқтатуды талап еткен болатын. АЕ/АР президенті Джейми Флай Тәжікстандағы баспасөз бостандығының ахуалына байланысты алаңдаушылық білдірген.

2016 жылы президент Эмомали Рахмонов қыздарының бірінің жаңа лауазымы жайлы мақала жарияланғаннан кейін Тәжікстан сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосы Тәжік қызметінің (Радио Озоди) алты қызметкерінің аккредитациясын алып қойған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG