Accessibility links

Минск Қазақстаннан мұнай тасымалдау мәселесін Ресеймен талқылайды


Беларусь президенті Александр Лукашенко және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Армениядағы ЕАЭО саммитінде. 1 қазан 2019 жыл.
Беларусь президенті Александр Лукашенко және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) Армениядағы ЕАЭО саммитінде. 1 қазан 2019 жыл.

25 қазанда Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Беларусь президенті Александр Лукашенко екі мемлекет арасындағы сауда-саттықты дамыту және әріптестікті нығайтуға келісіп, бірнеше құжатқа қол қойды. Келіссөзден кейін журналистерге сұхбат берген Александр Лукашенко Беларусьтің Қазақстаннан мұнай импорттауға мүдделі болып отырғанын жеткізді.

"Егер бұл жүзеге асса, Қазақстан мұнайы Ресей аумағы арқылы тасымалданатындықтан жақын арада Ресеймен ақылдасатын болып келістік. Келісе аламыз деп ойлаймын" деді Александр Лукашенко.

Ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында "өнеркәсіптік кооперацияны дамыту мәселесіне" ерекше назар аударылғанын айтқан.

Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Беларусь болашақ келісімнің шарттарын келісіп қойған.

"Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жөнінде келісімнің негізгі шарттарын жасадық. Жүз пайыз келістік деп айта аламын. Келісімде [тасымалданатын мұнай] көлемі айтылмайды, есесіне оны тасымалдау шарттары, ережелері жазылған" деді Бозымбаев.

Қазақстаннан мұнай тасымалдау туралы ұсынысты Лукашенко алғаш рет мамыр айында Минскіде Қазақстан елшісімен кездесу кезінде айтқан. Сәуір айында "Дружба" құбыры арқылы Ресейден тасымалданатын мұнайдан лас өнімдер анықталып, Беларусь мұнай тасымалдауды тоқтатқан. Қазақстан елшісімен кездесуде Лукашенко Минскінің мұнай өңдейтін зауыттарына жан-жақтан мұнай өнімдерін жеткізгісі келетінін айтқан. Ал елші Ермұхамед Ертісбаев Қазақстан Беларусьты мұнаймен қамтамасыз етуге дайын, тек ол үшін Ресеймен келісу керек деген. Шілде айында ресейлік оператор "Транснефть" компаниясы тасымалдаудың толық қалпына келгенін хабарлады.

БелТА-ның хабарлауынша, бүгінгі келіссөзден кейін екі ел басшылары алты келісім мен ортақ мәлімдемеге қол қойған.

Александр Лукашенко Қазақстанға ресми сапармен 24 қазанда келген. Бұл Лукашенконың Қасым-Жомарт Тоқаев президент қызметіне кіріскелі бері Қазақстанға жасаған алғашқы сапары.

Ресей СССР құрамында болған Орталық Азияның бес мемлекетіне өзге кейбір постсоветтік елдер сияқты ықпал ету алаңы ретінде қарайды. Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Беларусь Мәскеу бастамасымен құрылған Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше. Бұған дейін Минск ЕАЭО аймағында тең қарым-қатынас орнамады деп сынаған. 3 қазанда Ресейдің Сочи қаласында өткен "Валдай" пікірталас клубында Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Орталық Азияда "жетекші рөл атқаруы тиіс" деп айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG