Accessibility links

Алматы тұрғыны "тіл талаптарын орындамаған" супермаркетті сотқа берді


Тіл үшін супермаркетпен соттасқан Алматы тұрғыны Қуат Ахметов (ортада) сот залында. Алматы, 25 қазан 2019 жыл.
Тіл үшін супермаркетпен соттасқан Алматы тұрғыны Қуат Ахметов (ортада) сот залында. Алматы, 25 қазан 2019 жыл.

Алматы тұрғыны Қуат Ахметов қаладағы ірі сауда дүкендерінің бірі "Арзан" супермаркетін сотқа берді. Шағым берушінің айтуынша, супермаркет "тауарлардың атауын қазақ тілінде жазбай, ескертуді орындамаған". 25 қазанда оның шағымы бойынша Алматының Алатау аудандық сотында алдын ала сот тыңдауы өтті.

- Адам супермаркетке келіп, тауар атауын мемлекеттік тілде оқығысы келеді. Бірақ қазақ тілінде ештеңе жазылмаған. Бұл деген дискриминация. Негізі заң бойынша, 102-ге звондап, сол жерге полиция келіп, айыппұл салуға міндетті. Бірақ бұл заңдардың бәрі орындалмайды. Прокуратура мен әкімдікке бардым. Ең аяғында супермаркет ештеңені де өзгертпеді. Еріксіз сотқа жүгіндім, - дейді Ахметов.

"Арзан" супермаркетінің иесі "Оптовый клуб" компаниясының өкілі Жасұлан Тюлькин бұл мәселені техникалық себеппен байланыстырады. Ол "жұмыс жасалып жатыр, бағдарлама ескі, оны жаңарту керек" деді.

Ахметовтің шағымы бойынша өткен Алатау аудандық сотындағы алғашқы отырыста судья Дәурен Айқұлов істі Алмалы аудандық сотының қарауына беретінін мәлімдеді. Себебі, сауда орталығының иесі "Оптовый клуб" компаниясының заңды мекенжайы сол ауданда орналасқан.

Азаттық тілшісі "Арзан" супермаркетіне де барып қайтты. Сауда орталығында сатуға қойылған тауар аттары орыс тілінде жазылып тұр.
Қазақстанның "Тұтынушылар құқығын қорғау туралы" заңы бойынша, тауар жайлы қазақ тілінде де ақпарат беру – сатушының міндеті. Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Бірақ орыс тілінің де ресми қарым-қатынас ретінде қолданыс аясы кең.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG