Accessibility links

Сот "Қытай экспансиясына" қарсы шыққан белсендіні бес тәулікке қамады


Полиция қызметкерлерінің белсенді Нұржан Мұхамедовті сот залына күштеп апаруға тырысып жатқан сәті. Шымкент, 25 қазан 2019 жыл
Полиция қызметкерлерінің белсенді Нұржан Мұхамедовті сот залына күштеп апаруға тырысып жатқан сәті. Шымкент, 25 қазан 2019 жыл

25 қазан күні түнде Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 5 қыркүйек күні Қытай зауыттарының салынуына қарсылық білдіріп, шеруге шыққан белсенді Нұржан Мұхамедовті бес тәулікке қамау туралы қаулы шығарды. Белсенді сот залынан қамауға алынды.

Дәл осының алдында шамамен бір-екі сағат бұрын сот залында денсаулығы нашарлап, отыра алмаған белсендіні дәрігерлер қарап, жедел жәрдеммен ауруханаға алып кеткен еді. Дәрігерлер оның иығы не белі сынған болуы мүмкін деп болжаған. Белсендінің айтуынша, дәрігерлер оны рентгенге түсіріп, ине еккеннен соң үйіне жіберген. Алайда полиция оны қайтадан сотқа әкелген.

Мұхамедов жұма күнгі сотта шеруге шыққанын растап, бұл өзінің азаматтық ұстанымы екенін атап өтті. Шеру өткізуге әкімдік өтініш жазғанынымен рұқсат ала алмағанын жеткізді. «Бейбіт шерулерге шығып жүргенімді мойындаймын. «Жер – ана» дейді. Анамды қорғағым келеді. Қытай экспансиясына қарсымын» деді белсенді соңғы сөзінде.

Жарыссөзде прокурор белсендіні «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны» үшін он тәулікке қамауды сұрады. Судья Серік Ниязов Нұржан Мұхамедовты бес тәулікке қамауға қаулы шығарды. Сот отырысына қатысушылар үкімді тыңдап болған соң «ұят» деп айқайлады.

25 қазан күні Шымкент қалалық мамандандырылған әкімшілік соты қыркүйек айының басында "Қытай экспансиясына қарсы" митингіге қатысқан белсенді Жанмұрат Аштаевты де бес тәулікке қамаған.

2-3 қыркүйекте Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында жергілікті тұрғындар "Қытай жобаларына" қарсылық акциясын өткізді. Кейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Семей, Шымкент және тағы басқа қалаларда жаңаөзендіктер талабын қолдаған акциялар өтті. Полиция бастапқыда акцияға қатысқандарды ұстамаса да, кейінірек олардың басым бөлігіне айыппұл салып, қамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG