Accessibility links

Алматыда бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Елде тыйым салынған оппозициялық қозғалыстың митингісі қарсаңында Алматыда бірнеше белсендінің ұсталғаны хабарланды. Азаматтық белсенді Сүйіндік Алдабергенов 26 қазанда түскі сағат 11 шамасында өзін Бостандық аудандық полиция бөлімшесіне апара жатқанын хабарлады. Кеше белсенді кешке үйін полиция күзетіп тұрғанын айтқан. Қазір оның телефоны өшіп тұр. Бостандық аудандық полиция бөлімшесі әзірге бөлімшеге ешкім әкелінбегенін айтты.

26 қазанға қараған түні белсенді Құрал Сейітханұлы Facebook-тағы парақшасында Алматыда "полицияның бес белсендіні бір үйден ұстап кеткенін" жазды.

"Мені де есіктің алдында екі көлікпен күзетіп отыр. Далада күн суық. Содан көшеде тұрған әлгі жігіттерге барып үйге кіріңдер әйтпесе жаурап қаласыңдар дедім. Ұсынысымды қабыл алмады" деп жазды ол. Қазір Құрал Сейітханұлының да телефоны өшіп тұр.

25 қазанда кешкі сағат 20.30 шамасында "ұсталғандар арасында бар" делінген белсенді Біржан Төлеубеков Азаттыққа хабарласып, "бірнеше азаматтың бір үйге жиналып, бас қосқанын", полицияның сол үйді қоршауға алғанын хабарлаған. Кейінірек белсендінің телефоны өшіп қалды. Қуғындалған белсенділер жайлы ақпарат жинаумен айналысатын Facebook-тағы #IHaveAChoiсe #ActivistsNotExtremists тобы 25 қазанда ұсталған бірнеше белсендінің бірі Ерлан Файзуллаевтың "соққыға жығылғанын" жазып, суретін де жариялады.

Азаттық тілшісі 26 қазанда таңертең Жетісу аудандық полиция басқармасына хабарласқан кезде өзін штаб бастығы ретінде таныстырған Өмірзақ Әбдікәрімов ақпаратты кезекші бөлім бастығы Мұрат Дәуренбековтен сұрау қажеттігін айтты. Ал Мұрат Дәуренбеков телефонын көтермеді.

26 қазанда алматылық белсенділер Сақып Жаңабаева мен Қанат Жақыпов үйлерін полиция күзетіп тұрғанын, сыртқа шыға алмай отырғанын хабарлады.

26 қазанда Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік соты жергілікті белсенді Жұмабек Әбиевке 4 қыркүйек күні Қытай экспансиясына қарсы рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 50 500 теңге айыппұл салды. Бұған қоса, Ақтөбеде жергілікті белсенділер Әлібек Молдин және Ақтамақ Көптілеуова үйлерін кешеден бері белгісіз адамдардың сырттай бақылап, учаскелік инспекторлардың оқтын-оқтын соғып кетіп тұрғанын хабарлады.

Facebook желісінде белсенділерді торуылдау, полицияға шақырту немесе үйінен алып кету сияқты оқиғалар Жаңаөзен, Бейнеу, Нұр-Сұлтан және өзге қалалар мен аудандарда жалғасып жатқаны туралы ақпарат тарады. 25 қазанда бас прокуратура "заңсыз шеруге шыққандар" "қатаң жазаланатынын" айтып ескертті.

Бұған дейін құқық қорғаушылар Алматы мен Нұр-Сұлтанда да митингі қарсаңында белсенділерге қысым басталғанын хабарлаған. Алматыда саяси тұтқындарды босатуды талап еткен бірнеше белсенді әкімшілік қамауға алынып, айыппұл салынды.

Билік шетелде қуғында жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған, елде сот шешімімен "экстремистік ұйім" ретінде танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының митингілерін "заңсыз" деп атайды. Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG