Accessibility links

Шымкент пен Ақтөбеде полиция бірнеше адамды ұстады


Полиция "митингі орнында" әйелді ұстап апара жатыр. Ақтөбе, 26 қазан 2019 жыл.
Полиция "митингі орнында" әйелді ұстап апара жатыр. Ақтөбе, 26 қазан 2019 жыл.

26 қазанда түстен кейін Шымкентте "Наурыз" алаңында полиция бірнеше адамды ұстады. Сот шешімімен "экстремистік ұйым" ретінде танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қозғалысы бұған дейін Шымкенттегі жақтастарын осы алаңға жиналуға шақырған еді.

Азаттық тілшісі полицияның үш адамды ұстауына куә болды. Олардың бірі "Қытай экспансиясына" қарсы екенін білдіріп, алаңға сол пікірін айту үшін келгенін айтты.

Оқиғаны түсіру барысында қара түсті қолшатыр ұстаған екі адам ұстауларды камераға түсірген Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірді. Олар камераның бетіне қолшатырды көлегейлей ұстап, полиция мен азаматтар арасындағы диалогты, азаматтарды қалай ұстап әкеткенін дұрыс түсірткізбеді.

Қолшатыр ұстап Азаттық тілшісіне фото-видео түсіруге кедергі жасаған адамдар. Шымкент, 26 қазан 2019 жыл.
Қолшатыр ұстап Азаттық тілшісіне фото-видео түсіруге кедергі жасаған адамдар. Шымкент, 26 қазан 2019 жыл.

Ақтөбеде де полиция Әбілқайыр хан мен Абай даңғылдарының қиылысынан он шақты адамды ұстады. Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісінің хабарлауынша, олардың басым бөлігі зейнет жасындағы адамдар. Арасында жастар да бар.

Ұсталған азаматтардың бірі 32 жастағы Роман Рейхер екі қолынан ұстап, қолтықтап әкетіп бара жатқан полицейлерге "отбасыммен жай ғана серуендеп жүрмін" деп айғайлады. Полицейлер оның ескертуін елеген жоқ. Әйелі сәбиімен бірге көше қиылысында қала берді.

26 қазанда Қазақстанның ең ірі қалалары Нұр-Сұлтан мен Алматыда оппозициялық қозғалыс "митингі орны" ретінде белгілеген жерлерде полиция ондаған адамды ұстады. Наразыларды ұстау кезінде полиция күш қолданды.

Бұған дейін өзін билік оппоненті ретінде атайтын, шетелде жүрген қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов 26 қазанда жақтастарын көшеге шығуға шақырған. Қазақстанның бас прокуратурасы "рұқсат етілмеген митингіге қатысу заңсыз" екенін ескертіп, митингіге шыққан азаматтардың " қатаң жазаланатынын" хабарлады.​

Билік ҚДТ-ның митингілерін "заңсыз" деп атайды. Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG