Accessibility links

ИМ жетекшісі Бағдадидің өлгені хабарланды


2019 жылы сәуір айында жарияланған видеода Әбу Бәкір әл-Бағдади деп көрсетілген адам.

27 қазанға қараған түні АҚШ Сирияда арнайы операция өткізді. Құпия дереккөзге сүйенген АҚШ ақпарат құралдары әскери операция барысында "Ислам мемлекеті" террористік тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади өлген болуы мүмкін деп хабарлады.

Reuters агенттігінің дерегінше, АҚШ-тың арнайы жасақ өкілдері Сирия солтүстігінде Идлиб провинциясында операция өткізген. Бұл аумақ жиһадшылар мен зайырлы оппозициялық топтарға қарайды, алайда бұл жерде "Ислам мемлекеті" террористік тобының ошақтары да бар. Американың арнайы жасағы Түркия шекарасына жақын жердегі елді мекенде үйлердің біріне басып кірген.

Операция кезінде Бағдади өлген болуы мүмкін деген ақпаратты бірінші болып Newsweek хабарлады. Ол Пентагон мен президент Дональд Трамп әкімшілігіндегі құпия дереккөзге сүйенеді. Дереккөздің айтуынша, Бағдадидің өлгенін "үлкен сеніммен" айтуға болады, алайда оның нақты өлгенін ДНҚ және өзге де сараптамалар дәлелдей алады.

Newsweek-тің хабарлауынша, осы апта басында Дональд Трамп операция өткізу туралы бұйрық берген. Басылымның жазуынша, арнайы жасақ қолына түскісі келмеген әл-Бағдади және оның екі әйелі өздерін жарып жіберген. Операциядан кейін АҚШ әскерилері әл-Бағдади жасырынған үйге әуеден соққы берген. Идлибтегі нысанға соққы жасалғаны туралы деректі адам құқығын бақылау жөніндегі Сирия орталығы да растады. Олардың дерегінше, операция барысында "Ислам мемлекеті" ұйымымен байланысты тоғыз адам өлген.

"Ислам мемлекеті" террористік тобы әзірге әл-Бағдадидің өлімін растамады. Ақ үй өкілі 27 қазанда Дональд Трамптың арнайы мәлімдеме жасайтынын хабарлады. Бұған дейін Трамп Twitter-дегі парақшасында "Өте маңызды бір нәрсе жасалды" деп жазған.

"Ислам мемлекеті" террористік тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдадидің өлімі жайлы ақпарат бұған дейін бірнеше рет тараған. Бірақ бұл хабарламалардың ешқайсысы расталмады. Ирак пен Сириядан ИМ ығыстырылғаннан кейін топ жетекшісінің қайда екені белгісіз болған. ​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG