Accessibility links

Британияда совет диссиденті Владимир Буковский қайтыс болды


Владимир Буковский
Владимир Буковский

Британияда 77 жасында совет диссиденті, құқық қорғаушы және жазушы Владимир Буковский қайтыс болды. Кембридж ауруханасында диссидент жүрегі тоқтағанын Буковский атындағы орталық хабарлады.

Буковский 1942 жылы желтоқсанның 30-ына Башқұрт автономиялы республикасының Белебей қаласында жазушы мен журналист отбасында дүниеге келген. Совет одағы коммунистік партиясының бірінші хатшысы Никита Хрущевтің 20 съезде Сталинді айыптаған баяндамасын тыңдағаннан кейін 14 жастағы жасөспірім коммунистік идеологияның бітіспес қарсыласына айналды. 1959 жылы қолжазба журнал шығаруға қатысқаны үшін мектептен шығарылып, білімін кешке мектепте жалғастыруға мәжбүр болған.

Мәскеу мемлекеттік университетінде оқып жүрген шағында, 1960 жылы Мәскеудегі Маяковский ескерткішінің алдында өтетін жастардың тұрақты жиынын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1963 жылы мамыр айында югослав Милован Джиластың "Жаңа тап" ("Новый класс") тұжырымдамасын көбейтіп, таратуға талпынғаны үшін алғаш рет тұтқынға алынды. 1965 жылы бостандыққа шыққан соң Андрей Синявский мен Данелияны қорғауға арналған "жариялылық митингісін" әзірлеуге белсене қатысты. Осыдан кейін психиатриялық ауруханаға күшпен жатқызылды.

"Буковскийді қорғауға арналған Батыстағы белсенді кампаниядан кейін 1966 жылы тамыз айында босап шықты. Ол антисоветтік іс-әрекетке және қарсылық акцияларын ұйымдастыруға қатысқаны үшін бірнеше рет қамалды" деп жазады Би-би-си. Буковскийдің 12 жылы абақты мен мәжбүрлеп емдейтін психиатриялық ауруханада өтті.

1972 жылы Владимир Буковскийді 7 жылға соттап, бес жыл айдауға жіберді. 1976 жылы Буковскийге бостандық сұраған халықаралық кампанияның нәтижесінде совет өкіметі оны Чили компартиясының жетекшісі Луис Корваланға айырбастауға келісті.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG