Accessibility links

"Древний Римдегі" кісі өлімі: айыпталушылардың бірін 20 жылға соттауды сұрады


"Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес пен кісі өлімі бойынша айыпталғандар сот залында тұр. Қарағанды, 12 қыркүйек 2019 жыл.
"Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес пен кісі өлімі бойынша айыпталғандар сот залында тұр. Қарағанды, 12 қыркүйек 2019 жыл.

Бүгін, Қарағанды қаласында өтіп жатқан сот процесінде прокурор жаңа жыл түні "Древний Рим" мейрамханасында болған төбелеске қатысқандар мен кісі өліміне күдіктіні айыпты деп санап, түрмеге қамауды сұрады.

Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады. Прокурор 23 жастағы Рахымжан Жансейітті өлтірді деп айыпталған Н. Юсифті 20 жылға бас бостандығынан айырып, айрықша тәртіптегі түзету колониясына жіберуді, қалған 12 айыпталушыны алты жылға бас бостандықтарынан айырып, жалпы режимдегі түзету колониясына жіберуді сұрады.

- Айыпталушылар сот кезінде өзгеше сөйлемей, қылмыстарын мойындаулары керек еді. Бұл қылмыс елдегі тұрақтылыққа қатер төндіретіндей деңгейде үлкен қоғамдық резононс тудырды. Әлеумет әділетін қалпына келтіру мақсатында оларды қоғамнан оқшаулап, түзеу жолына салу керек, - деген мемлекеттік айыптаушы кепілмен бостандықта жүрген Щ. Ильяны қамауға алуды сұрады.

Айыпталушылардың кейбірі тағылған айыпты ішінара, кейбірі толық мойындады. Кейбір айыпталушылар бұрын «тергеуші сөзімізді бұрмалады» деп тергеу мен айыптау нұсқаларын теріске шығаратын мәлімдеме жасаған. Прокурорлар олардың кейбіріне бастапқыда «жәбірленушілер соңынан қуып барып, ұрғанын мойындағынан» естеріне салды.

Оқиға кезінде қаза болған Рахымжан Жансейіттің әкесі 30 миллион теңге моральдық өтемақы алғанын айтты. Айыпталушы Н. Юсифтен басқасы өздеріне жүктелген өтемақыны өтеген. Осыған байланысты адвокат Гүлден Хамитова талап арызды нақтылауды сұрады, өйткені іс бойынша айыпталушылардың кейбіріне Рахымжан Жансейіт әкесінің талабы жоқ және оларға тағылған айыпты қолдамайды. «Кісі өлтірді» деп айыпталған Н.Юсиф талап арызбен келіспеді. Сондай-ақ адвокат Хамитова адамды «қауіпті жағдайда қалдырған» кейбір азаматтарға жеке қаулы шығаруды сұрады.

- Рахымжанның денесін бірнеше сағаттан соң омбы қардан тауып алды. Мейрамхананың кейбір қызметкерлері төбелес жайында полицияға хабарламады, ал бірі қанның ізін қармен көміп тастады. Егер олар дер кезінде хабарласса, бәлкім құтқаруға болар ма еді? Төбелес қарсаңында Рахымжанды өздері шақырып алған достары неге ұмытып кетті? Жаппай төбелестен кейін неге іздемеді? Сол түні Жансейіттің телефонына ешбір досы телефон шалмай, немқұрайдылық танытқан. Онымен қоймай, баласын іздеген әкесіне «бәрі дұрыс» деп жауап берген, - деді Рахымжан Жансейтіттің әкесінің адвокаты жарыссөз кезінде.

"Древний Рим" мейрамханасында болған төбелес кезіндегі кісі өліміне байланысты сот процесі қыркүйек айында басталған. Рахымжан Жансейіттің денесі 1 қаңтарда, мейрамханадағы төбелестен кейін бірнеше сағаттан соң табылған. Айыптау актісіне қарағанда, ол қан кетіп қайтыс болған. Бұрын тергеу барысында Рахымжан Жайсейітті бірнеше адам жабылып ұрғаны, содан соң пышақтағаны айтылған. Тергеу мәліметі айыпталушы Н. Юсуфтың кісі өліміне қатысы бар екенін айтады. Оны осы іске қатысты бірнеше айыпталушы растаған. Н. Юсуфтың өзі кісі өліміне қатысым жоқ десе де, төбелеске қатысқанын мойындайды. Төбелес кезінде бес адам пышақталып, Рахымжан Жансейіт қаза болған.

Айыптау мәліметіне қарағанда, төбелес кезінде екі айыпталушы пышақ қолданған. Н. Юсуф үш адамды, Г. Нарек екі адамды пышақтаған. Г.Нарекке осы оқиғадан кейін іздеу жарияланып, Ресейде ұсталған. Әлі Қазақстанға экстрадицияланбаған Г.Наректің ісі бөлек қаралады.

«Древний Рим» мейрамханасындағы жаппай төбелес пен кісі өлімі Қазақстан қоғамы мен кейбір шетелде түрлі реакция тудырған. Әлеуметтік желілерде «төбелеске армян диаспорасының өкілдері қатысты» деген ақпараттар тараған. Қазақстан билігі мен Армян билігі мұны «тұрмыстық жанжал» деп атап, «ұлт аралық қатынас» деп сипаттамауға шақырған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG