Accessibility links

"ҚДТ-ны қолдады" деп айыпталған Ақмарал Керімбаеваның бостандығы шектелді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Нұр-Сұлтан соты "ҚДТ-ны қолдаған" азаматтық белсенді Ақмарал Керімбаеваның бостандығын бір жылға шектеп, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салды. Белсенді тағылған айыпты жоққа шығарып, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

Дүйсенбі, қазанның 28-і күні Нұр-Сұлтан қаласының №2 Сарыарқа аудандық соты азаматтық белсенді Ақмарал Керімбаеваның бостандығын бір жылға шектеп, екі жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына және бұл мақсатта "БАҚ пен коммуникация желілерін пайдалануына" тыйым салды.

Белсендінің ісін қараған судья Біржан Төрегелді сот қаулысына сәйкес, Керімбаеваның "жұмыстан бос уақытында тұрғылықты жерінен ешқайда шықпауға және рұқсат етілмеген митингілер мен акцияларға қатыспауға" міндетті екенін хабарлады.

Керімбаеваның биылғы маусымның 7-інен 9-ына дейін тергеу абақтысында отырған, одан кейін маусымның 9-ынан бастап қазанның 28-іне дейін үйқамақ болған әр күні екі күнге теңестіріліп, жаза өтеу мерзіміне есептелетіні хабарланды.

Сот қаулысы бойынша бостандығына шектеу қойылған Керімбаеваға жаза мерзімі аяқталғанша ел аумағынан шығуға, көңіл көтеру орындарына баруға тыйым салынады. Ол жұмыс орны мен тұрғылықты мекен-жайын өзгерткені туралы мемлекеттік құзырлы органдарды хабардар етуге міндетті.

Ақмарал Керімбаева елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы әрекетіне қатысты деген айыппен жазаға тартылды.

2018 жылдан бері "ҚДТ іс-әрекетіне қатысты" деген айып ондаған адамға тағылып, кейбіреуі қамауға алынған. Кей заңгерлер ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімінде қарама-қайшылық бар деп санайды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG