Accessibility links

Қырымда украиншыл белсендіні қамады


Олег Приходько
Олег Приходько

Ресей аннексиялаған Қырымда украиншыл белсенді Олег Приходько терроризмге қатысы бар деген айыппен қамауға алынды. Бұл туралы "Крым.Реалии" сайты хабарлады. 10 қазанда ұсталған белсендіге тағылған айып 28 қазанда белгілі болған.

Приходьконы "Саки қаласының әкімшілік ғимаратын жаруға дайындалды" деп айыптаған. Ресей федералды қауіпсіздік қызметі "осы әрекеті арқылы Қырымды Украинаға қайтару керектігіне сендіргісі келеді" деп сипаттайды. "Сонымен қатар оған "жарылғыш құрылғы әзірледі" деген айып қосылған деп хабарлайды "Грати" басылымы. Мұндай айыптармен белсенді бостандығынан 15 жылға дейін айырылуы мүмкін.

Приходько өзіне тағылған айыпты жала деп санайды, қуғындалуының саяси астары бар деп біледі. Оның сөзінше, жарылғыш құрылғы тінту кезінде әдейі қойылған. Приходько Қырымды аннексиялағаннан кейін берілген Ресей азаматтығын мойындамайды. Адвокаттарының айтуынша, қамауға алған соң өзінің келісімінсіз белсендіден ДНК үлгілері алынған.

2019 жылдың басында Ресей федералды қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Приходьконың үйін тінтіген еді. Сөйтіп Украина символикаларын, қызыл-қара ту, Степан Бандераның портреті мен компьютер техникаларын алып кеткен. Осыдан соң Приходьконы тергеуге алып, Украинамен қаншалықты байланысы барын сұраған. Маусым айында Ресей бақылайтын Саки қаласының соты «нацистік символиканы көпшілік алдында насихаттады» деген айыппен Приходькоға 2000 рубль айыппұл салған. Приходько тағылған айыпты теріске шығарған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG