Accessibility links

Семейдегі Жеңіс алаңынан Мәншүк Мәметованың даулы ескерткішін алып тастады


Семей қаласы. Көрнекі сурет.
Семей қаласы. Көрнекі сурет.

Семей қаласындағы Жеңіс саябағынан екінші дүниежүзілік соғыс қаһарманы Мәншүк Мәметоваға қойылған ағаш ескерткішті алып тастады. Бұл туралы бүгін, 4 қарашада Азаттыққа Семей әкімдігінің баспасөз хатшысы Роллан Кемербаев хабарлады.

"Сарбаз қыздың бейнесіндегі ескерткіш көптің талқысына түсті. Ұлы Отан соғысының (Екінші дүниежүзілік соғыс – ред.) тақырыбы мен материалы, сондай-ақ ескерткішті жасау техникасы жобаны әзірлеу кезінде ескерілмеген сияқты. Композиция басқа жерге – қалалық білім бөлімі белгілеген орынға көшіріледі" деп хабарлады әкімдік.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Семейде Мәншүк Мәметоваға қойылған ескерткіштің суретін жариялаған қолданушылар оны сынға алған.

Әкімдік баспасөз хатшысы Роллан Кемербаевтың сөзінше, ескерткіш жеке кәсіпкерлер қаржысына жасалған.

- Ескерткішті Мәншүк Мәметова деп жасаған. Сәтсіз шыққан. Мойындаймыз. Алынып тасталды. Мұндай бастаманы кәсіпкерлердің өздері көтерген, - деді Кемербаев Азаттыққа.

Ескерткішке қанша қаржы жұмсалғаны туралы сұраққа әкімдік өкілі "білмеймін" деп жауап берді.

Сынға қалған ескерткішті Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласынан келген ерлі-зайыпты мүсіншілер – Иван және Юлия Куртуновтар жасаған. Әкімдік саябақтағы шіріген ағаштарды ескерткішке айналдыруға рұқсат бергенін айтады.

Юлия Куртунова жергілікті Arnapress.kz басылымына берген сұхбатында ескерткіш қою - Семей әкімі Ермак Сәлімовтің бастамасы деп айтқан.

"Ағаш ескерткіш жасату үшін бізді осында шақырды" деген ол.

Мәншүк Мәметова – екінші дүниежүзілік соғыста "Совет одағының батыры" атағына ие болған алғашқы қазақ қызы. Ол 1943 жылы 21 жасында Ресейдің Невель қаласын азат ету кезінде қаза тапқан.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG