Accessibility links

Ақтөбе фермерлері рұқсат етілген жиын өткізді


Рұқсат етілген митинг мінберінде тұрған фермерлер. Ақтөбе қаласы, 4 қазан 2019 жыл.
Рұқсат етілген митинг мінберінде тұрған фермерлер. Ақтөбе қаласы, 4 қазан 2019 жыл.

Ақтөбе қаласында облыстың бір топ фермері рұқсат етілген митинг өткізді. Оған Ақтөбе облысының аудандарынан елуге жуық фермер жиналды. Фермерлер жиынына әкімдік қызметкерлері мен облыстық ресми баспасөз өкілдері келді, кейбірі тікелей эфирден ақпарат таратты.

Фермерлер үкімет мал шаруашылығына берілетін субсидияны кідіртіп, етті арзан сатуға мәжбүрлеп отырғанын айтты.

Митингіге Алға ауданынан келген фермер Самат Қалдығұловтың сөзінше, облыста мал шаруашылығымен айналысатындарғы мемлекет беретін субсидия кідірген. Ал саудаға шығаратын ет бағасын көтеруге әкімдік рұқсат бермейді.

-Базарға еттің әр келісін 1250 теңгеден өткіземіз. Әкімдік одан қымбат сатуға рұқсат етпейді. Біздің есебімізше ең кемі 1960 теңге болуы керек. Мал бағу оңай емес. Оның жем-шөбі бар, бақташының еңбекақысы бар, өзге де шығындары көп, - дейді Қалдығұлов.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы рұқсат етілген митингіге жиналған фермерлерді қолдайтын болып шықты. «Біз фермерлер жағындамыз» деген ауыл шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Панабек Бимұратов субсидия 2020 жылғы қаңтар айында берілетінін айтады.

Бимұратовтың сөзінше, субсидия берілетіні туралы хабар ауыл шаруашылығы министрлігінен 4 қараша күні, яғни рұқсат етілген митинг өтетін күні келген.

Фермерлер қозғалысы белсенділерінің бірі Александр Мандрыкиннің сөзінше, митингіге жиналған шаруалар алдағы үш күнде резолюция жазып, оны ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдайды.

- Нұр-Сұлтанға жолданатын резолюцияға фермерлердің негізгі мәселелерін енгіземіз. Қазір облыс фермерлерін қинап отырған 62 сұрақ бар, - дейді Александр Мандрыкин.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Ақтөбе облысында 7500-ден астам шаруа қожалығы бар. Оның 80 пайызы мал шаруашылығымен айналысады. Оларға мемлекет 3,7 млрд теңге субсидия қарыз.

Ақтөбеде митингі өткізген фермерлер қозғалысы биыл 10 қазанда құрылған. Белсенділерінің сөзінше, ұйымның 117 белсенді мүшесі бар.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG