Accessibility links

Freedom House: Интернет еркіндігі жөнінен Қазақстанның рейтингі құлдырады


Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернетте қолданушы құпиясын сақтауға және цензураға қарсылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернетте қолданушы құпиясын сақтауға және цензураға қарсылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.

Дүниежүзіндегі адам құқығы мәселелеріне мониториг жасайтын халықаралық Freedom House үкіметтік емес ұйымы интернет еркіндігі жайлы жыл сайынғы зерттеуін жариялады. Зерттеумен қоса берілген рейтингте Қазақстан «интернеті еркін емес» елдер қатарына жатқызылып, бұл мәселе бойынша рейтингі құлдырап бара жатқандар санатына қосылған.

"Рейтингтегі ұпайы қатты азайған елдер – Судан мен Қазақстан. Одан соң – Бразилия, Бангладеш пен Зимбабве" деп жазады ұйым. Freedom House Қазақстанға 100-ден 32 ұпай (0-39 балл арасы – "интернеті еркін емес" дегенді білдіреді) берген. Қазақстанмен бір қатарда Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Пәкістан, Өзбекстан мен Иран тұр.

Зерттеуде «белсенділердің үнін естіртпеу, онлайн-пікір айтуды болдырмау мақсатында жасалатын» мобилді желі, интернет-ресусртарды бұғаттау ауқымы және әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге және жаңалық сайттарын пайдалануға қойылатын шектеулер туралы айтылады.

«Үкіметтің мобилді байланыс рыногын монополиялауы және тікелей электронды бақылау құралдарын енгізуі Қазақстандағы интернет еркіндігінің азаюына әсер етті,- деп жазады Freedom House.

Freedom House биылғы есебінде Қазақстанды "интернет, әлеуметтік желілер және байланыс платформалары жиі бұғатталатын", "саяси, әлеуметтік және діни контенттер шектелетін", "блогерлер, құқық қорғаушылар, желі қолданушылары немесе билікті сынағандар жиі қудаланатын, жауапқа тартылатын" елдердің қатарына енгізген.

Ұйым есебінше, Қазақстанда "билікшіл тролльдер интернеттегі онлайн талқылауды қолдан ұйымдастырады".

"Қазақстанда жұртты шатастыратын немесе билікті, саяси партияның аппаратын қолдайтын контенттерді тарату үшін боттарды, гиперпартизан комментаторларды, жаңалық сайттарын, желідегі топтарды пайдаланады" деп жазылған есепте.

Freedom House ұйымы "Қазақстанда адамдардың жеке деректерін бақылау күшейгенін" де атап өткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG