Accessibility links

Польшада Ресейдің өтінішімен Украина белсендісі ұсталды


Игорь Мазур.
Игорь Мазур.

Польшада Ресейдің өтінішімен Украина жоғарғы радасының уәкілетті хатшылығының қызметкері, белсенді Игорь Мазур ұсталды. Бұл ақпаратты Украинаның ресми орындары хабарлады.

Ресейде тыйым салынған УНА-УНСО ұлттық қозғалысы ұйымы жетекшілерінің бірі Мазур 1990-жылдары Шешенстанда шешен сепаратистері қатарында соғысты деген күдікке ілінген. Бұл ақпаратты Украинаның ішкі істер министрі Арсен Аваков хабарлады. Ол істі "Кремль мүддесіне қарай бұрмаланған" деп сипаттап, Польша билігін оның ісін жылдам әрі объективті қарауға шақырды.

Осыған ұқсас айып бойынша Ресейде бұған дейін Украинаның екі азаматы Николай Карпюк және Станислав Клых сотталған. Олар тағылған айыпты мойындамады. Қыркүйек айында тұтқын алмасу операциясы арқылы Украинаға оралған.

Мазурды Украина мен Польша арасындағы шекара бекетінде ұстаған. Оның аты-жөні Интерпол тізімінде болған. Адам құқығы жөніндегі уәкіл Людмила Денисованың айтуынша, сенбі, 9 қарашада Украина консулы онымен кездескен. Польша соты Мазурды қамау-қамамау мәселесін 11 қарашада қарайды.

9 қараша кешке Киевтегі Польша елшілігінің алдында бір топ азамат акция өткізіп, Мазурды босатуды талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG