Accessibility links

Республикашылдар Байденнің ұлын тыңдауға шақыруды талап етті


Джо Байден және оның ұлы.
Джо Байден және оның ұлы.

АҚШ конгресінің өкілдер палатасындағы республикашылдар бұрынғы вице-президент Джо Байденнің ұлы Хантер Байденді Трампқа импичмент жариялау мәселесі бойынша тыңдауға куәгер ретінде шақыруды талап етті.

Fox News-дің хабарлауынша, республикашылдар келесі аптада өтетін ашық қоғамдық тыңдауға шақырғысы келетін адамдар тізімінде Хантер Байденнің аты-жөні де бар.

Хантер Байден - Украинаның Burisma компаниясының директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі. Бұған дейін зерттеу аясында жауап берген бірқатар куәгерлер АҚШ-тың ресми тұлғалары Трамптың жеке адвокаты Руди Джулианимен ақылдасып, Украина билігін осы компаниядағы ықтимал жемқорлыққа байланысты істі қайта қолға алуына итермеледі деп айтқан. Демократтардың болжамынша, Трамп өзінің саяси қарсыласы Джо Байденнің атына нұқсан келтіруге тырысқан.

Республикашылдар сонымен бірге тыңдауға Трамп үстінен шағымданған АҚШ-тың арнайы қызметінің өкілін де шақырғысы келеді. Оның аты-жөні әзірге белгісіз, алайда бірқатар БАҚ оның кім болуы мүмкін екенін болжаған. Тізімде сонымен бірге демократиялық ұлттық комитеттің бұрынғы қызметкері Александр Халуп та бар. Ол 2016 жылы Трампқа компромат табу мәселесі бойынша Украина шенеуніктерімен кездескен.

Өкілдер палатасы мақұлдаған зерттеу шартына сәйкес, барлау жөніндегі комитет жетекшісі, демократ Адам Шифф республикашылдар талап еткен куәгерлерді тыңдауға шақырмауына құқығы бар. Ал республикашылдар талаптары орындалмаса, зерттеудің ашық өткеніне сенбейтінін айтады.

Демократтар Трампты қызметтік өкілетін асыра пайдаланды және өзге елдің басшысын сайлауалды кампаниясына араластырып, пайдаланбақ болды деп айыптайды. Трамп пен оның жақтастары айыпты тұтас жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG