Accessibility links

БҰҰ Көкжайлау жобасын тоқтату туралы шешімді қолдады


Алматы маңындағы Көкжайлау шатқалы. 16 шілде 2019 жыл.
Алматы маңындағы Көкжайлау шатқалы. 16 шілде 2019 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа БҰҰ-ы бас хатшысының орынбасары Ольга Алгаеровадан хат келіп түскен. БҰҰ өкілі хатта Тоқаевтың "Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортын салуға тыйым салу" туралы шешімін қолдаған. Бұл ақпаратты президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-та хабарлады.

"Сіздің “барлық шешімдерді қабылдау кезінде халықтың ой-пікірін ескеріп, қоғамдық тыңдаулар жүргізу керек және қабылданатын іс-шаралардың мән-маңызын азаматтарға жан-жақты түсіндіру қажет” деген сөзіңіз маған ерекше әсер етті. Бұл тұжырым Қазақстанның ашық және өз азаматтарының белсенді рөліне негізделген шешімдер қабылдау ұстанымын ілгерілетуге бейілділігін көрсетеді" деп Уәли Ольга Алгаерованың хатынан үзінді келтіреді.

Қазан айының соңында Алматыға жұмыс сапарымен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлауға салынатын тау шаңғысы курортының жобасын тоқтату қажеттігін айтқан. Оның "Бұл мәселеге қайта-қайта орала бермес үшін бүгін біржола тыйым салдым. Көкжайлау тау-шаңғысы курортына қажеттілік жоқ" деген сөзі баспасөзде жарияланды.

5 қарашада "Зеленое спасение" экология қауымдастығы билікті Көкжайлау шатқалын Іле Алатауы паркінің құрамына қайтаруға шақырды. Олардың айтуынша, Көкжайлау шатқалы қазір бұрынғыша Алматы қаласы Медеу ауданының құрылыс пен тау-шаңғы курортына арналған жер қорында тұр. Эко белсенділер бұл жайт шатқал аумағын қала әкімдігінің өз қалауымен пайдалана беруіне мүмкіндік береді деп санайды.

"Зеленое спасение" мәлімдемесінде үкіметтің Көкжайлауды ерекше қорғалатын аумақ санатынан шығару туралы 2014 жылы шығарған қаулысы мен Көкжайлауға қатысы бар басқа да қаулыларының күшін жою керек деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG